Ұлт саулығының кепілі

0 1

Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №30 гимназия-мектебінде оқушыларға арналған «Есірткісіз болашақ» тақырыбында профилактикалық дәріс өтті.

Аталған іс-шара Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы мен Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңестің бірлесуімен жүзеге асырылды. Басты мақсаты – өскелең ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал ету және есірткі қылмысының алдын алу.

Кездесу барысында сала мамандары оқушылармен ашық диалог орнатып, есірткі заттарының адам денсаулығына, психологиясына және болашағына тигізер ауыр зардаптары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік жайлы нақты деректер келтіріліп, жасөспірімдерге заңды бұзудың салдары түсіндірілді.

Іс-шара аясында оқушылар арасында «Есірткі қылмыстары және оның алдын алу» тақырыбында сұрақ-жауап форматындағы танымдық викторина ұйымдастырылды. Оқушылар белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, зиянды әдеттерге қарсы көзқарастарын білдірді. Бұл өз кезегінде жастардың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға сеп болды.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – кинологтар мен қызметтік иттердің арнайы көрсетілімі болды. Қызметтік иттердің тыйым салынған заттарды анықтау барысы оқушыларға үлкен қызығушылық тудырып, олар құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызын көзбен көріп, нақты сезінді. Мұндай көрнекі көрсетілімдер жасөспірімдердің құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтып, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді.

Викторина қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға «Есірткісіз болашақ» деген жазуы бар арнайы футболкалар табысталды. Ұйымдастырушылар оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Іс-шара соңында мамандар мұндай профилактикалық кездесулердің маңызына тоқталып, есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жастардың саналы таңдау жасап, есірткісіз өмірді таңдауы – елдің ертеңі үшін маңызды қадам екені айтылды.