Ұлт рухының жаршысы

0 4

Жамбыл облысына арнайы сапармен келген қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановты жамбылдықтар зор ілтипатпен қарсы алды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ақынмен кездесіп, қазақ руханияты мен әдебиетінің бүгінгі жай-күйі төңірегінде мағыналы сұқбат құрды. Кездесу барысында өңір басшысы Мұхтар Шахановтың ұлт әдебиетіндегі орны мен тарихи миссиясына ерекше тоқталып өтті.

– Сіздің поэзияңыз – ұлт рухының жаршысы. Жалынды жырларыңыз ұрпақтың санасына сіңіп, елдің рухын биіктеткен асыл мұра. Әулиеаталықтар да Сіздің шығармашылығыңызды ерекше құрмет тұтады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесу соңында облыс әкімі ақынның иығына шапан жауып, жамбылдықтардың атынан арнайы сый-құрмет көрсетті.

Сол күні Мұхтар Шаханов Жамбыл облыстық драма және комедия театрында қойылған «Танакөз» мелодрамасын тамашалады. Ақынның поэзиясынан шабыт алған бұл қойылым көрерменге терең әсер қалдырып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Мұхтар Шахановқа көрсетілген бұл құрмет – елдік сана мен әдебиетке деген ықыластың жарқын көрінісі.