Ұлт рухы ұлықталды

0 3

Жуырда «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және  облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында «Қазақ халқының мәдени құндылықтары» атты өнер және этнографиялық жеке коллекциялар көрмесі өтті.

Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмалары негізінде дайындалған модельдік «жол картасы» аясында жүзеге асып отыр. Бұл бастама ұлттық мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Көрменің мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі өнері мен тұрмыстық мұрасын көпшілікке кеңінен таныстырып, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту, сондай-ақ жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Этнографиялық жәдігерлер арқылы қоғамда бірлік пен өзара сыйластықты нығайту – көрме идеологиясының өзегі болды.

Көрмеге қойылған бірегей бұйымдардың қатарында қазақ халқының тұрмысына тән тұрмыстық заттар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, музыкалық аспаптар мен қолөнер туындылары ерекше орын алды. Әрбір экспонат – тарихи естелік, ұлттың өткені мен рухани биігін бейнелейтін жәдігер.

Көрменің ашылу рәсіміне облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, университет студенттері мен оқытушылары, журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында сөз алғандар ұлттық болмысты сақтаудың, этномәдени мұраға құрметпен қараудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ел ішіндегі татулық пен келісімді сақтау жолындағы мәдени іс-шаралардың рөлі зор екені атап өтілді.

Іс-шара барысында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Қалижан Саркеев пен «Асыл аналар» ансамблі әуезді әндерін тарту етіп, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Сонымен қатар, Тараз университеті «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері ұлттық киім үлгілерін сән көрсетілімі арқылы таныстырып, көрменің көркін аша түсті.

Жиын соңында көрменің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтар Алғысхаттармен марапатталып, қатысушылар естелік суреттерге түсіп, қазақ мәдениетінің көркем әлемінен ерекше әсер алды.

Мұндай көрмелер — ұлттық болмыс пен мәдени мұраны дәріптеудің, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудың тиімді тетігі. Бұл тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағытталған тәрбиелік мәні зор іс-шара. Ұрпақ тәрбиесінде осындай бастамалар өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жалғаса беруі тиіс.