Үш мыңға тарта азамат жұмысқа орналасқан

0 4

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде наурыз айындағы мерекелердің іс-шаралар жоспары, Жобалық офис платформасындағы көрсеткіштер мен жоспарлар, Ұлттық жобалар аясында жұмыс орындарын құру барысы талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек мерекелік бағдарламаларды таныстырды. Наурыз айында қаламызда мәдени-бұқаралық, танымдық, ұлттық, спорттық, ақпараттық-имидждік бағытта 93 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Мегаполис басшысы халыққа айрықша мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін бұқаралық сипаттағы бағдарламаларды заманауи талаптарға сай, қызықты етіп ұйымдастыруды тапсырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің жобалық офисінің басшысы Т.Леспекова атқарылған жұмыс барысымен және биылғы жоспарлармен бөлісті. Былтыр 256 нысаналы көрсеткіш бекітілген болса, бүгінде оның 245-і орындалып, қалғаны орындалмаған. Ғ.Әбдімәжитұлы тапсырмалардың сапалы орындалуын қадағалауды, жұмысты тиімді ұйымдастыруды тапсырды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ж.Өтебаева жаңадан құрылатын жұмыс орындары мен жылдық жоспардың орындалу барысын баяндады. Былтыр бес тұжырымдама және қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде 113 жоба негізінде 3140 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, нақты 2623 азамат жұмысқа орналасқан. Қала әкімі ұсынылған сандардың шынайылығын қадағалап, жұмыс орындарының құрылуын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.