Үлкен өмір жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы

0 5

Әулиеата өңірінің білім ордаларының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде студенттік өмірге алғашқы қадам жасаған жастар үшін ерекше күн есте қаларлықтай аталып өтті. “Жаңа қадам, жаңа бастау!” атты салтанатты жиын оқу орнының дәстүріне айналған игі іс-шаралардың бірі ретінде биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Салтанатты жиын университет аумағындағы «Білім алаңында» өтті. Мерекелік ауан, ұлттық нақыштағы безендірулер мен рухты әндер – барлығы да жаңа өмірге қадам басқан жастарға деген зор сенім мен үмітті сездіріп тұрды.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен жоғары курс студенттері қатысқан басқосуда сөз алған университеттің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов білім табалдырығын жаңа аттаған жастарды құттықтап, қазіргі жаһандану дәуірінде сапалы білім мен биік мақсаттың маңыздылығына тоқталды, болашақ мамандарды ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

– Еліміздің ертеңі – сіздердің қолдарыңызда. Дулати университеті сіздерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге дайын. Осы жолда еңбек етіп, биіктен көрінулеріңізге тілектеспін, – деген ректор оқу озаттары мен мемлекеттік грант иегерлері – алғашқы курс студенттеріне студенттік билет пен білім кілтін өз қолымен табыс етті. Бұл – олардың ресми түрде студенттер қатарына қосылғанының белгісі ғана емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін сәттің көрінісі болды.

Жас талапкерлер «Біз, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматтары, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері қатарына қосыла отырып, сүйікті Отанымыз Қазақстанның алдыңғы қатарлы, әділетті мемлекет болуы үшін саналы білім алуға, туған халқымыздың ата дәстүрін жалғастыруға, Мемлекетіміздің Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға, еліміздің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын сыйлап, қастерлеуге және студент деген атқа кір келтірмеуге, университет Жарғысын бұлжытпай орындауға ант етеміз!» деп, еліміздің өркендеу жолында аянбай тер төгуге, білім мен ғылымның шыңын бағындыруға және Қазақстан азаматы ретінде өз борыштарын адал атқаруға серт берді.

Салтанат университеттің өнерлі жастары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Күй мен жыр, би мен терме өрілген өнер кеші жиынға ұлттық рух пен жігер сыйлап, көрермендердің көңілінен шықты.

Жаңа оқу жылының басталуы – тек білім алу ғана емес, үлкен өмір жолындағы жаңа кезеңнің бастамасы. Дулати университетінің жас буынына осы жолда сәттілік тілейміз!