Уақытылы төленбеген салық үшін өсімпұл есептеледі

0 4

Қазақстан азаматтарының атына тіркелген жылжымайтын мүлік үшін салық төлеу мерзімі таяп қалды. Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға қазан айына дейін мүлік салығын төлеу қажет екенін ескертеді. Уақытында төленбеген салық үшін өсімпұл қосылатынын еске саламыз.

Бүгінде салық төлеу процесі жеңілдетілген. Азаматтар мүлік салығының сомасын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер» сервисі арқылы және «Halyk Bank» және «Kaspi Bank» қосымшалары арқылы оңай біле алады әрі сол жерде бірден төлем жасай алады.

Салық заңнамасында белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы Салық кодексінің 226-бабының 2-тармағында нақты жазылған. Келесі тұлғалар мүлік салығы бойынша 1000 АЕК мөлшеріне дейін салық төлеуден босатылады: Кеңес Одағының Батырлары; Социалистік Еңбек Ерлері; «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғандар; Үш дәрежелі Даңқ ордендері мен «Отан» орденінің иегерлері; «Батыр ана» атағы бар және «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналар; Бөлек тұратын зейнеткерлер (тек тіркелген мекенжай бойынша).

Төмендегі санаттағы азаматтар 1500 АЕК шегінде жеңілдікке ие: Ұлы Отан соғысының ардагерлері; Соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар; Басқа мемлекеттер аумағындағы әскери ұрыстарға қатысқандар; ҰОС жылдары тылда еңбек еткен, марапатталған тұлғалар; Мүгедектігі бар азаматтар. Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа дейін жеңілдікке ие. Мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-аналардың біріне де белгілі бір мүлік түрлеріне жеңілдіктер қарастырылған (жер учаскелері, тұрғын үйлер, гараж және тағы басқа).

Сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын нысандар бойынша жеңілдіктер бар. Алайда, Салық кодексінің 529-бабына сәйкес, олардың меншік құқығындағы тұрғын үй және өзге де нысандар жеңілдікке жатпайды.

Мүлік салығына қатысты толық ақпаратты 1414 бірыңғай байланыс орталығынан немесе салық салынатын нысан орналасқан мекенжай бойынша жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасынан білуге болады.

Салық төлеу – әрбір азаматтың Конституциямен бекітілген міндеті. Құзырлы орган барлық тұрғындарды заңға бағына отырып, мүлік салығын мерзімінде төлеуге шақырады. Уақытылы төленбеген салық үшін өсімпұл есептелетінін естен шығармаңыз.