Тұрғындарға сапалы қызмет ұсынуда

0 7

Павлодар қаласының тұрғыны Ермұрат Қалкенов әкесінен үйренгені арқылы көлік иелеріне қызмет көрсетіп отыр. Меңгерген мамандығы қаржыгер болғанымен техника жөндеу ісіне жүрек қалауымен келген. Жас кәсіпкер техникалық қызмет көрсету стансасын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынуда.

Ермұраттың стансасы 2024 жылы «2 ГИС» картасында ең үздік автосервис атанған. Өйткені, Ермұратқа көлігін жөндеткен жүргізушілер аталған картада қызмет сапасына үнемі жақсы пікір қалдырады екен.

— 2007-2010 жылдары қазіргі Торайғыров университетінің колледжінде, 2010-2013 жылдары ИнЕУ-де  «қаржыгер» мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітірген жылдары сала бойынша мемлекеттік қызметте, банкте еңбек еттім. Бірақ, бір орында отырып жұмыс істеуге үйрене алмадым. Бала күнімде әкемнің көлік жөндегенін көріп, қызығатын едім. Сөйтіп, жүрек қалауы бойынша әкеммен бірге осы кәсіппен айналысуға шешім қабылдадым.  Он жылдай еңбек етіп, тапқан табысыма  2022 жылы жер сатып алып,  жеке техникалық қызмет көрсету стансасын аштым. Қызметіме сұраныс күннен-күнге артып келеді. Таңнан кешке дейін түтін мен майдың ортасында жүрсем де, жұмысым өзіме ұнайды, — дейді Е.Қалкенов.

Ермұрат мықты маман болуы үшін көлік жөндеу ісін интернет арқылы да меңгереді екен. Қазіргі көліктердің бәрі заманауи болғандықтан, техниканың тілін үйрену мақсатында  көп білім қажет екенін алға тартады.

— Көп жағдайда Жапония, Корея елдерінде шыққан көліктерді қабылдаймын. Ал, бұрынғы ескі көлікті жөндеу қиынға соғады. Сондықтан ғаламтор арқылы білмегенімді үйреніп, білімімді жетілдіріп тұрамын. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде мен жөндей алмаған техника болған емес. Сапаға әрі уақытқа жұмыс істеймін. Күніне кем дегенде 5-10 көлік қабылдаймын. Бәрін аз уақыттың ішінде жөндеуге тырысамын. Демалыс күндері де осы стансада еңбек етемін, — дейді ол.

Кәсіпкер айына кем дегенде 700 мың теңге табыс табатынын айтады. Алдағы уақытта «Даму»  кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсібін одан әрі кеңейтуді қалайды.

— Қазір жұмысты жеңілдету үшін заманауи құрылғылар шығарылуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, стансаға қажетті жаңа құрал-жабдық, станоктар алсам деймін. Заманауи құрылғы жұмысты жеңілдететіні белгілі. «Жұмысшы мамандықтарының жылында» біздің де еңбегіміз еленіп, түрлі мемлекеттік  жобаларға қатысуға мүмкіндік туса деген тілегім бар. Жұмыстың оңайы жоқ. Биыл біз сияқты қарапайым жұмысшылардың көзге көрінбейтін еңбегі кеңінен дәріптелетініне қуаныштымын, — дейді Е.Қалкенов.

Бойындағы қабілеті арқылы көлік жөндеп, жүргізушілердің алғысына кенеліп жүрген кәсіпкердің ісіне береке тілейміз!