Тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 0

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келіп, 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға дайындық барысын пысықтады.

Сапар аясында ОРК-ның төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарағанды қаласының №41, №42 референдум учаскелерінде болып, дауыс беруге дайындық барысымен танысты. Сайлаушыларды ағымдағы науқан туралы хабардар ету, дауыс берушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау және мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударды.

– Қарағанды қаласындағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында №41, №42 референдум учаскелері орналасқан. Қазіргі таңда шақыру қағаздары толтырылып, участоктерге таратылуда. Бүгінгі таңда барлық учаскедегі комиссия мүшелері оқыту жұмыстарынан өтті. Сайлау комиссияның құрамында 9 адам бар. 41-участокке – 2679, 42-участокке 2430 адам келіп, дауыс береді. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары жөнінде  жұмысты бастап кеттік. Ақпараттық стенді алдын ала ілінді, – деді №41, №42 референдум учаскелерінің төрағасы  Қымбат Оспанова.

Айта кетейік өңірде референдумды ұйымдастыру және өткізу мақсатында барлығы 651 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олардың құрамында жалпы саны 4 415 азамат бар. Облыс бойынша 757 671 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 5 159-ы — мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар үшін дауыс беру процесіне толыққанды қатысуға барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады.

Қазіргі таңда тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, арнайы онлайн-сервистер іске қосылған. Сонымен қатар, 19 call-орталық ашылып, 109 бірыңғай байланыс қызметі үздіксіз жұмыс істеуде.