Түркістанда «Еңбек кубогы» республикалық спартакиадасы өтті

0 3

Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек кубогы» республикалық спартакиадасы өтті. Сайысқа еліміздің 20 өңірінен 2 мыңға жуық колледж студенті қатысты. Спартакиаданың ашылу салтанаты «Түркістан арена» стадионында өтті. Бұл іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өздерінің құттықтауларын жеткізді.

Ғани Бейсембаев іс-шараның Қазақстандағы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның жастарға жаңа мүмкіндіктер мен серпін беретінін айтты. «Бұл спартакиаданың Түркістан қаласында өтуі үлкен символикалық мәнге ие. Түркістан – еліміздің рухани орталығы, ал бұл спорттық жарыс жастарымыздың еңбекке деген жаңа көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, министр колледждер үшін ағымдағы жылы үлкен өзгерістер болатынын айтты. Қыркүйек айынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаятынын жеткізді. Бұл шара техникалық және кәсіптік білім беру саласын одан әрі дамытуды көздейді, атап айтқанда, колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан облысының спорттық инфрақұрылымы мен кәсіптік білім беру саласындағы жаңалықтарды атап өтті. «Түркістан облысы – дамушы аймақ, біз жаңа жобаларды іске асыруды жалғастырудамыз. Биыл облыста колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлінді. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын игерген жастар үшін көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды», – деген Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мың жаңа жұмыс орны ашылатындығын, оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталатындығын айтты. Сондай-ақ Түркістанда жаңа өндіріс орындары мен зауыттардың құрылысы жалғасуда. Жастарды осы жұмыс орындарына тарту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Спартакиада барысында баскетбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Жеңімпаздарға Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті білім гранттарын тағайындап, жетекші кәсіпорындар жұмысқа қабылдауға арнайы сертификаттар табыстайтыны хабарланды.

Бұл спартакиада жастарды ынталандырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастыруға септігін тигізді. Жарыс жастарымызға жігер мен күш-қуат берді.