Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы цифрландыру мәселесі қаралды. Жиын барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев саланың даму бағыттары мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Премьер-Министр өз сөзінде цифрландыру туризмді дамытудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру қажеттігі пісіп-жетілген. Бұл бағытта әзірленіп жатқан «TravelStan» мобильді қосымшасы нарықтағы барлық туристік қызмет көрсетушілерді біріктіріп, сапалы әрі сенімді қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өткен жылы басталған «Your Tourist Pass» жобасы арқылы туристер «QR-код» сканерлеу арқылы ұлттық туристік порталға, «eQonaq» көші-қон сервисіне, такси қызметіне және басқа да ресурстарға қол жеткізе алады.
Үкімет отырысында шетелдік туристерге арналған «Tax Free» пилоттық жобасының нәтижелері де сөз болды. Премьер-Министр бұл жүйені толық автоматтандырып, әуежайларда қаражатты қайтару тетігін ыңғайлы әрі жедел етуді тапсырды. Сонымен қатар, елімізге келушілерге арналған «Neo Nomad Visa» рәсімін де толығымен цифрландыру қажет екенін атап өтті. Бұл шетел азаматтарының Қазақстанға келуін едәуір жеңілдетіп, елдің туристік тартымдылығын арттырады.
Премьер-Министр Туризм және спорт министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, үш ай ішінде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ курорттық аймақтар мен ұлттық парктердің бас жоспарларын цифрландыру, ұлттық туристік порталға апаратын «QR»-кодтарды әуежайлар, вокзалдар, шекара бекеттері мен туристер көп шоғырланатын орындарға орналастыру қажеттігі айтылды.
Жиын барысында еліміздің туристік әлеуетін шетелде және ел ішінде кеңінен насихаттау бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейту міндеті де қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мәдениет және Сыртқы істер министрліктері жұмылдырылатын болады.
Жалпы, Үкімет туризм саласын заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, оны ұлттық экономиканың маңызды драйверіне айналдыруды мақсат етіп отыр.