Түрік компаниясы Қазақстанда қант зауытын салуға ниетті

0 6

Түркиядағы аса ірі өнеркәсіптік холдингтердің бірі саналатын «Safi Holding» компаниясы елімізде жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың «Safi Holding» компаниясының бас атқарушы директоры Сафи Атаканмен кездесуінде белгілі болы, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Сафи Атаканның айтуынша, болашақ зауыттың қызылша өңдеу қуаты – 1 миллион тоннаны, жобаның болжамды инвестиция көлемі 150–200 миллион АҚШ долларын құрайды.

Қазіргі уақытта инвесторлар зауытты орналастыру үшін қолайлы өңірлерді қарастыруда. Бұл орайда олар бірінші кезекте зауыт салынатын өңірде қант қызылшасын өсіруге жарамды егістік жер көлемінің жеткілікті болуы мен инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне назар аударып отыр.

Айдарбек Сапаров министрліктің жобаны іске асыруға толық қолдау көрсетуге, соның ішінде қолданыстағы заңнама аясында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін жеткізді. Ал, түрік компаниясының басшысы Қазақстанның қант саласын дамытуға қолайлы табиғатқа және агроөнеркәсіптік әлеуетке ие екенін атап көрсетіп, министрлік тарапынан жобаға көрсетілген қызығушылық үшін ризашылығын білдірді.