Туған өлке жазушыларының кітабын оқыды

0 6

Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде дәстүрлі түрде оқырман мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және туған өлкенің рухани қазынасын насихаттау мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның айғағы ретінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Мен туған өлке жазушыларының кітабын оқимын» атты аудандық онлайн байқау өткізілді.

Жергілікті қаламгерлердің шығармаларын оқырманға кеңінен таныстыру, олардың шығармашылығын насихаттау және жастардың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар туған өлкеміздің жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып қана қоймай, әдеби туындының көркемдік ерекшелігіне, идеялық мазмұнына шолу жасап, өз ойларын бейнеролик түрінде әлеуметтік желілерде жариялап отырды. Оқырмандардың шығарманы талдау, пікір айту және әсерлі жеткізу қабілеттеріне баса назар аударылды.

Аталған додаға аудан бойынша 21 қатысушы белсене атсалысты. Әрбір қатысушының еңбегі жоғары бағаланып, олардың әдебиетке деген қызығушылығы мен шығармашылық ізденістері ерекше атап өтілді.

Қорытынды рәсім аудандық орталық кітапханада ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада құттықтау сөз сөйлеген аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А. Жолмаханова байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға алғысын білдіріп, жастардың кітапқа деген ынтасы болашақ руханияттың кепілі екенін ерекше атап өтті.

Байқау қорытындысында жүлделі І орынға аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы Асқар Нұрмахан ие болды. ІІ орынды Жаңаталап ауылдық кітапханасының оқырманы Дайыр Ақмерей мен қалалық балалар кітапханасының белсенді оқырманы Серікбай Айханым өзара бөлісті. Ал, Бүркітті қалалық кітапханасының оқырманы Ермекбай Ержігіт пен Үшбас ауылынан Қыдырәлиева Альфия ІІІ орын иегерлері атанды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық оқырманның еңбегі жоғары бағаланып, оларға кітапхана ұжымының ризашылығы білдірілді.

Бұл іс-шара – кітапхана қызметкерлерінің отандық әдебиетті насихаттау жолындағы тың бастамаларының бір көрінісі. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақ туған өлкесінің рухани байлығын танып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығы арта түсері сөзсіз.