Трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды

0 2

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев шекара маңындағы сауда-экономикалық хабтар желісін құру, инвестиция тарту және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайту шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Semurg Invest компаниясының бас директоры Нұржан Марабаев баяндама жасап, бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.

Мемлекет басшысының Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағытта трансшекаралық хабтар құру – шекара маңындағы сауданы дамытып, өнеркәсіптік кооперация мен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін кеңейту үшін ерекше маңызға ие.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Премьер-министрге бүгінде аумақтары теміржол және автожолдары арқылы арқылы қосылған 5 трансшекаралық хабты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады:

  • «Қорғас торабы» Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі элементіне айналады;
  • «Каспий торабы» Транскаспий бағытын байланыстырушы буын рөлін атқарады;
  • «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Ресей Федерациясымен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға серпін береді;
  • «Орталық Азия» ХӨКО Өзбекстанмен шекарада өндірістік кооперацияны дамытуға және тауарларды таратуға ықпал етеді.
  • Индустриялық сауда-логистикалық кешен Қырғызстанмен шекарадағы жобаларды іске асыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтар мен Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары әуежайларында мультимодальды әуе хабтарын құру пысықталуда.

Жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің жетекшілігімен Жедел жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта жобалар жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілді, іс жүзінде инвесторлармен бірлесіп іске асыру қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр инвесторларды іздеу және хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Барлық жоспарланған жобаларды толыққанды іске қосу жүктердің өту уақытын қысқартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

«Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» хабы жобасының өзі теміржолдың өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау портында контейнерлік хаб құру жүкті ауыстЫрып-тиеу көлемін жылына 92 мыңнан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Жалпы, хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруы тиіс. Бұл – мемлекеттер арасындағы тауар айналымын айтарлықтай арттырып, көршілес елдермен стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түседі. Осындай жоспарлы нәтижелерге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық ресурстарын жұмылдыру қажет», деп атап өтті Премьер-Министр.

Сонымен қатар Қытай, Парсы шығанағы, Кавказ және Еуропа нарықтарына шығуды қамтамасыз ететін Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәліздерінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.

Премьер-Министр Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктері әкімдіктермен бірге әрбір хаб үшін әлеуетті шетелдік инвесторлардың пулын құрып, олардың жобаларға қатысуын пысықтауды, сондай-ақ хабтарды басқаратын компаниялардың жұмыс жағдайларын айқындауды тапсырды. Ең бастысы, хабтарды перспективалы жобалармен сапалы толтыру бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп отыру қажет.

Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, трансшекаралық хабтарды дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтарды құру және кеңейту жөніндегі қажетті шараларды бір айдың ішінде қабылдауы қажет. Әкімдіктерге хабтардың барлығын базалық инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, сумен, көлік жолдарымен және коммуникациялармен қамтамасыз ету тапсырылды.

Олжас Бектенов индустриялық сауда-логистика кешенін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Энергетика министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне Қордай ауданында қосалқы станса құрылысын қысқа мерзімде қамтамасыз ету тапсырылды.

Сауда және интеграция министрлігіне трансшекаралық хабтар құру мен дамыту жөніндегі процеске қатысушылардың барлығын тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.