Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қостанай ауданында болды.
Тобыл қаласында бой көтеріп жатқан «Астана», «Бәйтерек» шағынауданындағы нысан құрылысының барысымен танысқан облыс әкімі Мемлекет басшысысының тапсырмасы өңірде жүйелі орындалып жатқанын атап өтті. Тұрғын үй саясатындағы басымдық тек көлемдерді ұлғайтуға ғана емес, сонымен қатар, құрылыс сапасына, тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне жасалуы тиіс екендігін жеткізді.
«Біз Қостанай облысында осы тәсілді жүзеге асырып жатырмыз. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Тек өткен жылдың ішінде облыста 500 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл 5 мыңнан астам отбасын пәтерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 315,3 миллиард теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ өткен жылы құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 51,6 миллиард теңгені құраған, екі жыл бұрынғыға қарағанда 3,6 пайыздық өсім байқалады. Ал кірпіш өндірісі 22,1 пайызға, бетон бұйымдары 6,7 пайызға , цемент және бетон плиткаларын өндіру 15,8 пайызға өсіп отыр.
«Бүгінгі таңда біз бюджеттік тұрғын үй құрылысына жаңа тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Стандартты үйлердің орнына, түрлі дизайндағы үйлер бой көтеретін болады», – деді өңір басшысы.
Тобыл қаласына қарасты «Астана» және «Бәйтерек» шағынаудандарында көпқабатты 154 тұрғын үй салу көзделген. Оған 176 гектар аумақ қарастырылып отыр. Сондай-ақ 14 мыңнан астам пәтерге шамамен 60 мың адам қоныстанады. Жаңа үлгіде бой көтеретін бұл үйлердің іші де жаңа кейіпке енеді.