Тиімді технология – табыс көзі

0 3

Президент тапсырмасымен елде жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға соңғы кезде мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен әлі де шешілмеген мәселе көп. Бірақ соған қарамастан Түркістан облысында соңғы жылдары тігін цехтары көптеп ашылып, тоқыма индустриясының жоғарылауына сеп болуда. Соның бірі – жұмысын жаңа бастаған «Созақ груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Серіктестік жетекшісі Абылай Октябровтың айтуынша, фабрикада қолғаптар, арнайы киімдер мен жұмыс аяқ киімдері тігіледі. Бүгінгі күні өнім өндірісі жолға қойылып, тігін цехтары толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Жеке қаражат есебінен жүзеге асырылған жобаның жылдық қуаттылығы 876 мың тұрмыстық қолғап, 25 мың арнайы киім, 25 мың шұлық, 10 мың арнайы жұмыс аяқ киімі мен 5 мың арнайы жамылғы шығару. Қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіп ошағында 35 адам тұрақты жұмысқа алынған.

Созақ ауданының Шолаққорған ауылында өндірістік бағыттағы жаңа пайдалануға берілген тігін цехының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, жобаның аудан экономикасын әртараптандырудағы және жаңа жұмыс орындарын құрудағы маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көп. Жалпы кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы да соншалықты нығая түсетіні анық. Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономиканы нығайтудың басты тетігі екенін ерекше атап өтті. Президентіміз «Ел экономикасының тұрақты өсуі үшін кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі» екенін нақты тапсырма ретінде жүктеді. Біздің мақсатымыз – ауданымызды дамыған өндірісімен қоса, кәсіпкерлігі өркендеген, тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылған қуатты өңірге айналдыру, – деді аудан басшысы.

Жаңа өндіріс ошағының лентасы салтанатты жағдайда қиылды. Ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков жаңа өндіріс ошағына ақ батасын берді. Іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындарына, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдеріне жаңа кәсіпорынның өнімі таныстырылды.