Қазақстанның оңтүстігінде 1905 жылы теміржол құрылысы басталды. Теміржол құрылысына жергілікті тұрғындар жаппай атсалысты. 1907 жылы Арыс теміржол бекеті салынып бітті. 1932 жылы жұмысшы поселкесін, 1965 жылы қала мәртебесін алған Арыс шын мәнінде теміржолшылар қаласына айналды. Мұнда теміржолшы кәсібі атадан балаға мұра болып келеді.
Арыстық Сәкен Кенжеғалиев осы салада 1987 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол тәжірибелі маман. Сәкеннің әкесі де теміржолшы болған екен. Демек, ол да теміржолшылар әулетінен.
Сәкеннің негізгі міндеті – теміржолдың қауіпсіздігін қадағалау. Ауыр жүк пойыздары мұнда күндіз-түні әрі-бері ағылып жатады. Зіл батпан ауыр жүк пойыздары рельстерді, шпалдарды солқылдатып өтеді. Міне, сонда шойын жолға түрлі зақым келуі мүмкін. Сәкен осындайда тиісті бригадаға хабар береді.
Бақылаушы жұмысы аса жауапты да ауыр. Жауапты болатыны – шойын жол салғырттықты кешірмейді. Әрі-бері ағылған сан мыңдаған жолаушының тағдырымен қатар, стратегиялық маңызы бар тауарлар еліміздің әр түкпіріне уақтылы да бүтін жеткізілуі тиіс. Ал ауыр болатыны, жылдың төрт мезгілінде де олар ашық аспан астында жүреді. Толассыз жауыны бар көгілдір көктем де, аптап ыстығы бар жадыраңқы жаз да, қара суық желі бар қоңыр күз де, қаһарлы аязы бар қыс та адам денсаулығына әсер етпей қояр ма?! Ал Сәкен болса, небір дауыл-борандарда жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жол жағалап жүреді.
– Маған «Қарақоңыр» бекеті тиесілі. Осы бекет арқылы сан мыңдаған пойыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа тынымсыз ағылып жатады. Біз теміржол бойындағы кез келген ақауды болдырмауға жауаптымыз. Сондықтан, бізге қалғуға болмайды, – дейді теміржолшы Сәкен Кенжеғалиев бізбен әңгімесінде.
Міне, кезекті жолаушылар пойызы да бекетке жақындап қалды. Вокзалдағы диктор «Келесі аялдама – Қарақоңыр бекеті» деп хабарлады. Жолаушылар терезеге көз салып, сайын даланы көрді. Жусан исін сағынған олар пойыздың бір сәтке ғана аялдап кететінін білгендіктен далаға шығып үлгергісі келді. Олар қолына кеспек темір ұстап, жол жағалап бара жатқан Сәкенді көрді. Жиі жолаушылайтындар, пойыз машинисі оны жазбай таныды. «Жолдарың болсын!» деп күлімсіреп тұратын теміржолшыға олар да қол бұлғап өтті.