Темірдің тілін білетін шебер

0 4

Ел ішінде маңдай терімен, маңғаз мінезімен, адал еңбегімен абырой тапқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – Меркі ауданындағы кәсіптік колледждің ардагер ұстазы, темір жонудың хас шебері Ғалымжан Сүгірәлиев. Ол жасы алпысты алқымдаса да, қолынан балға мен темірді тастаған емес.

Ғалымжан Сүгірәлиев ширек ғасырға жуық уақыттан бері колледж қабырғасында жас мамандарға білім беріп келеді. Ол тек сабақпен шектелмей, шәкірттерін темірмен «сөйлесуге» үйретеді. Сызбадан бастап нақты іске дейінгі әр процестің мәнін ұғындырады.

– Әр адам өз ісін жүрек қалауымен істегені дұрыс. Мен үшін темір – жай ғана материал емес, ол ой мен еңбектің тоғысы. Әр бұйымды жасарда алдымен оның сызбасын ойша елестетемін. Себебі, сызбаны түсінбей, сапалы жұмыс жасау мүмкін емес. Кейде шәкірттеріме “жеті рет өлшеп, бір рет кес” деймін. Бұл – тек темірге ғана емес, өмірге де қатысты қағида, – дейді шебер.

Ғалымжан аға тек колледжде сабақ берумен шектелмейді. Өз ауласынан шағын шеберхана ашып, тәжірибесін терең меңгергісі келген жастарға қосымша тәлім береді. Ол мұнда темірден түйін түюдің қыр-сырын іс жүзінде көрсетеді. Қазірдің өзінде бірқатар шәкірті жеке кәсібін бастап, ел игілігіне қызмет етіп жүр.

Шәкірттері де ұстаз еңбегін ерекше құрметтейді.

– Ғалымжан ағай – темірдің тілін білетін шебер. Бізге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, өмірлік сабақ үйретіп жүр. Сабыр мен жауапкершілікті осы кісіден үйрендік. Ең бастысы – әр істің байыбына барып, жүрекпен істеу керектігін ұқтық, – дейді шәкірті Байрам Байрамов.

Қазір шебер ескі тракторды қалпына келтіріп, ауылшаруашылығына қажетті тұқым тазалайтын елек құрастырып жатыр. Бұл құрылғының қозғалтқышын кір жуатын машинаның моторынан бейімдепті. Осындай тапқырлық пен ізденістің арқасында Ғалымжан ағаның есімі аудан тұрғындарына жақсы таныс.

– Еңбек адамды тәрбиелейді. Жастар темірден қорықпау керек, қайта оның тылсымына бойлап, жаңа дүниелерді жасауға талпынғаны жөн. Шабыт пен табандылық бар жерде ғана еңбек жемісін береді, – дейді шебер.

Темірмен «тілдескен» меркілік шебердің өнегелі өмірі – жас ұрпаққа үлгі. Ол үшін еңбек – өмір мәні, ал шәкірт тәрбиелеу – өмірлік миссия. Ғалымжан Сүгірәлиевтің маңдай терімен шыңдалған еңбегі мен елге деген ықыласы – нағыз еңбек адамының бейнесі.