Темекінің адам ағзасына зияны зор

0 3

Мамандар темекі шегетін адамның өмірі орта есеппен 14 жылға қысқаратынын айтып отыр. Өйткені, темекі түтінінің құрамында көп мөлшерде болатын химиялық заттар адамның барлық дене мүшесіне теріс, соның ішінде канцерогенді әсер етеді.

Бұл процестер жөтелдің пайда болуына ықпал етеді. Уақыт өте келе жөтел созылмалы ауруға айналады. Көптеген химиялық зат өкпе арқылы қанға енеді. Ал, көміртегі тотығы қандағы оттегінің бір бөлігін алмастырады. Бұл барлық органда, соның ішінде миға оттегінің жетіспеуіне әкеледі. Қанға түсіп, улы заттар қан айналымы жүйесінің тамырларына және бірқатар органға әсер етіп, адамның мезгілсіз көз жұмуына әкеліп соғады. Біртіндеп онкологиялық ауру кез келген мүшеде, ең алдымен өкпеде, бронхта, ауыз қуысында және көмейде, сондай-ақ өңеште, асқазанда, бауырда, бүйректе дамиды. Тыныс алу қиындап, созылмалы өкпе ауруы секілді дерттерді одан әрі жетілдіреді. Улы заттар мен никотин әсері жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етеді, бұл инфарктқа, сондай-ақ инсультке, перифериялық артериялардың зақымдалуына әкеліп соғады, бұл кезде адамның аяғы ауырғандықтан, жүруі де қиындайды.

Кәдімгі темекіге қарағанда электронды темекінің зияны аз ба?

Қазіргі таңда электронды темекінің түр-түрі кеңінен тарала бастады. Көпшілік электронды темекінің кәдімгі темекіге қарағанда зияны аздау деп ойлайды. Көпшілік ойлайтындай, электронды темекі шылым шегуді тастап кетуге көмектеспейді. Бұл туралы тіпті, темекі өнімдерін өндірушілердің өзі айтпайды. Олар темекі шегуді қоя алмайтындар туралы «алаңдаушылық» кейіп танытып, оларға «зиянсыз» темекі өнімдеріне ауысуды ұсынады. Бұрын бұл дозасы азырақ жіңішке темекі болса, қазір олар-электронды. Бірақ, темекінің зиянсыз немесе дозасы аз түрі жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы никотин жеткізудің электронды жүйелерін, оның ішінде электронды темекіні денсаулыққа қауіпті деп санайды. Өндірушілердің өздері электронды темекіде кәдімгі темекінің құрамындағы канцерогенді заттардың барлығы жоқ екенін алға тартып, адамға теріс әсер ететін басқа да зиянды заттардың пайда болатыны жөнінде жақ ашпайды. Дегенмен, қазірдің өзінде олардың зияны туралы ғылыми дәлелдер бар.

Темекінің ағзаға зиянды әсерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшін де бірнеше жыл кетті. Қазір ғалымдар электронды темекінің де ағзаға зиян екенін айтып, дәлелдеуге тырысып жатыр. Алайда, дәрігердің сөзінше, дәстүрлі қолданыстағы темекіге қарағанда электронды темекіге тәуелді болу қаупі жоғары. Кейін қазір электронды темекі шегіп жүрген жастар уақыт өте қойғысы келсе де, қоя алмауы мүмкін екенін баса айтып өтті.

Темекінің зиянды салдарларының қалай алдын алуға болады ? 

Темекі өнімдерін жасөспірімдерге сататын жеке тұлғалар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, темекі өнімдерін сату ережелерін қатаңдату қажет. Яғни, дүкенге жай нан немесе балмұздақ алуға келгендердің көзіне түсіп тұрмауы керек.

Бұрынғыдай «Темекі шегу зиян!» деп қана ұрандатпай, тұрғындарға, әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасына шылым шегудің зияны туралы ақпараттық тұрғыдан әсер ету керек. Темекіні тастағысы келетіндерге көмектесу үшін медициналық ұйымдарда кеңселер ашылуы тиіс. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұмыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы – мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар – тиімсіз.

Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет.