Технологиялары халықаралық сапа стандарттарына сай зауыт

0 3

Солтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі өндіріс орнының құрылысы қарқын алып келеді. Бұл — заманауи талаптарға сай жарма және түрлі дән өнімдерін өндіретін жоғары технологиялық зауыт. Жобаны «Қазақстан бидайы» ЖШС жүзеге асыруда.

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгеден асады, ал қажетті инфрақұрылымды тартуға облыстық бюджеттен 291 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталған.

Жаңа кәсіпорын астықты өңдеудің толық өндірістік циклін қамтитын болады. Бұл шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік беріп, тек жарма емес, жоғары құнды дайын өнім шығаруға жол ашады. Мұндай тәсіл қазақстандық агроөнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ішкі және сыртқы нарықтардағы орнын нығайтуға сеп болады.

Зауытта барлығы тоғыз түрлі өнім, соның ішінде әртүрлі ботқа түрлері өндіріледі деп жоспарлануда. Кәсіпорын жылына 24 мыңнан 30 мың тоннаға дейін дайын өнім шығара алады.

Қазіргі таңда өндіріс нысанына Украинадан жеткізілген заманауи жабдықтар орнатылуда. Жоба аясында үш өндірістік желіні іске қосу көзделіп отыр.

Жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі – энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздікке мән берілуі. Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, зауыттағы барлық технологиялар халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Бұл өндіріс үдерісінің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтып, өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді.

Жаңа өндіріс орнының 2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларында іске қосылуы жоспарланып отыр. Бұл жоба тек облыс экономикасына серпін беріп қана қоймай, ауылшаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге, қосылған құнды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Мұндай бастамалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жоба ауылшаруашылығы шикізатын тиімді пайдаланып, экспортқа бағытталған сапалы өнім өндірісіне, сонымен қатар, облыстың агроиндустриялық инфрақұрылымын жаңғыртуға нақты үлес қосады.