Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында үлкен тазалық акциясы басталды. Бұл іс-шараға облыстың барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелері, бюджеттік ұйымдар, оқу орындары, бизнес өкілдері, қоғамдық және жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары мен қарапайым тұрғындар белсене қатысуда.
Семей қаласында өткен тазалық сенбілігіне облыс әкімі Берік Уәли де қатысып, өзінің қолдауын білдірді. Облыс басшысы 4 сәуірде халыққа үндеу жасап, акцияның басталатынын жариялаған болатын. Семей қаласында өткен тазалық шарасына әкімнің қатысуы бұл бастаманың өңір тұрғындары арасында үлкен қолдауға ие болғанын айқындайды.
Берік Уәли өз сөзінде тазалық акциясының тек бір реттік шара емес, жыл бойы жалғасатынын атап өтті.
«Біз акцияны бастау барысында халықтың қалай қабылдар екен деген сұрақпен қобалжығанбыз. Бірақ, халықтың ықыласы мен белсенділігі бізді қуантты. Осы бастама халықтың көңілінен шыққанын көруге болады. Біз әрі қарай да бұл істі жалғастырамыз», деді ол.
Тазалық акциясы аясында арнайы байқаулар да ұйымдастырылуда. «Үздік аудан», «Үздік ауыл», «Үздік аула», «Үздік университет», «Үздік колледж», «Үздік мектеп», «Үздік балабақша», «Үздік көше», «Үздік мекеме» сынды түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталатын болады. Жыл соңында үздік қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталады. Бұл байқау тек тазалық шараларын насихаттап қана қоймай, тұрғындардың қоғамда белсенді болуына, ортақ іске атсалысуына да ықпал етеді.