Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды

0 2

Жол қателікті кешірмейді. Жамбыл облыстық полиция департаменті тарапынан жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында түрлі шаралар қабылданса да, өкінішке қарай, құқық бұзушылар азаймай отыр. Мәселен, өткен жылы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнатқан 45, ал осындай көлік құралын басқарған 70 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың айтуынша, бірнеше күн бұрын полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірін «майлықпен» жасырған жүргізушіні тоқтатып, қамаққа алған.

–  Жамбыл облысында полиция қызметкерлері «Жалған нөмір» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу аясында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз өзгерту және жалған нөмірлерді пайдалану бойынша бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында жүргізушілердің бірі «Daf» жүк көлігіндегі мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір әрпін майлықпен жауып алғаны белгілі болды. Ол бұл әрекетке ақылы жолға төлемеу және бейнебақылау жүйелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері тіркеліп қалмау мақсатында барған. Сонымен қатар, іс-шара барысында тағы бір «Daf» көлігінің жүргізушісі жауапкершіліктен жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы техникалық құрылғы трос арқылы әдейі жасырып алғаны белгілі болды. Аталған жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушылар сот шешімімен бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, бес тәулікке және екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – дейді полиция өкілі.

Бұдан бөлек, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде тоқтатылған «Alphard» автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жалған екені белгілі болған. Сондай-ақ көлік өткен жылы есептен шығарылғаны анықталды. Міне, осындай өрескел құқық бұзушыға ҚР ӘҚБТк-нің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, қамаққа алу жазасы қарастырылуда. Іс материалдары сотқа жолданған.

Жамбыл облысының Полиция департаменті мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасыру, өзгерту немесе жалған нөмірлерді пайдалану ауыр әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын ескертеді. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері көлік құралдарының тоқтау және тұраққа қою қағидаларын бұзу деректерін анықтау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл ретте негізгі назар айыппұл салуға емес, жүргізушілерге ескерту жасауға аударылуда. Жол жағдайына жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық орындар, базарлар мен сауда үйлерінің маңында жол қозғалысы қағидаларының талаптарын бұза отырып, өткелдерді жауып, басқа қозғалыс қатысушыларына кедергі келтіретін көлік құралдарының заңсыз тұраққа қойылу фактілері анықталған. Іс-шара барысында негізгі басымдық түсіндіру жұмыстарына берілді.

«Полиция қызметкерлері ең алдымен көлік құралдары иелеріне рұқсат етілмеген жерлерге қойылған автокөліктерді алып тастау туралы ескерту мазмұнындағы SMS-хабарламалар жолдап, сондай-ақ оқиға орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Заңды талаптарды елемеген тек бес жүргізушіге ғана қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, шамамен 70 автокөлік иесіне профилактикалық брошюралар таратылып, жол қозғалысы қағидаларының талаптары түсіндірілді. Өткен жылы көлік құралдарының тоқтау немесе тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 1040 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Полиция – жазалаушы орган емес. Қабылданып жатқан барлық шаралар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, олардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді Бауыржан Жанаев.

Ал, «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шара аясында облыста 70 мас жүргізуші анықталды, 436 автокөлік айып тұрағына қойылған. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында өткізілген он күндік рейд барысында полиция 2028 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ең көп кездескен бұзушылық – маневр жасау ережесін бұзу, бұл бойынша 400 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, өздеріне және жолдағы басқа қатысушыларға қауіп төндірген 266 жүргізуші телефон қолданғаны үшін, 95 жүргізуші тыйым салынған бағдаршам белгісінен өткені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. «Рейд барысында нақты қауіп төндіретін жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылды. Рейд кезінде мас күйінде көлік басқарған 70 жүргізуші ұсталды. Қарсы жолаққа  шыққаны үшін 20 бұзушы жауапқа тартылды. Сонымен қатар, полиция көлік жүргізуге құқығы жоқ 113 жүргізушіні анықтады. Өзге де қауіптің алдын алу мақсатында құқық бұзушылардың 436 автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды» дейді полиция өкілі.

Ал, Тараз қаласында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жауапкершіліктен қашып жүрген «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің 43 әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны, олардың барлығы да жылдамдықты белгіленген нормадан асыру деректері екені белгілі болды. Ол жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде елемей, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне нақты қауіп төндірген. Құқықбұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылды. Жалпы, жыл басынан бері «Борышкер» іс-шарасы аясында 5353 автокөлік айып тұрағына жеткізілген.

Полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жылдамдық режимін бұзбауға шақырады. Жылдамдықты асыру – жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі себептердің бірі.