Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет

0 3

Жамбыл облысында «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты мазмұнды әрі өзекті форум өтті. Форум жұмысына өңірдегі мектептер мен колледж директорлары, кәсіпкерлер мен сала мамандары, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Ауқымды іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жас ұрпақ тәрбиесі мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек тәртібі мен кадр даярлау мәселелеріне айрықша назар аударды.

Алдымен форумға қатысушылар өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көрмесін тамашалады. Мұнда колледждер мен жоғары оқу орындары өздерінің оқу-өндірістік шеберханаларын, студенттер әзірлеген өнімдер мен жобаларын таныстырып, еңбекке бейімделудің нақты үлгілерін көрсетті.

Форум барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыттау және жастарды еңбекке баулу мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс әкімі форумның ашылуында сөйлеген сөзінде бұл жылды «Жұмысшы мамандықтарының жилы» деп жариялаудың маңызына тоқталды.

– Бұл бастама – тек еңбек адамына құрмет қана емес, сонымен қатар, өңірдегі өндіріс, инфрақұрылым, қызмет көрсету мен ауылшаруашылығы салаларындағы кадр тапшылығын жоюға бағытталған нақты қадам. Біз жастарды еңбекке баулу арқылы экономиканың болашағын бірге қалыптастырамыз, – деген аймақ басшысы алдағы бес жылда облыста 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғанын, бұл жобалар 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондықтан бизнес өкілдері мен білім беру ұйымдары тығыз әріптестікте техникалық мамандар даярлау ісіне белсенді қатысулары керектінің атап көрсетті.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың себептері мен оларды шешу жолдарына тоқталды.

– Бүгінгі форум – жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал етіп қана қоймай, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланысты күшейтетін маңызды алаңға айналды, – деді ол.

Форумда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстық өкілі Еркін Қуанышев, «Казфосфат» ЖШС басқарма басшысы Батырбек Құлекеев, «НДФЗ» ЖШС бас директоры Адиль Алиев, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің проректоры Гүлшат Құлабекова күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікірлерін білдірсе, Қордай ауданы №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Әлімбекова мен Тараз қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледждің басшысы Саясат Есеев құқықбұзушылықтың алдын алу, студенттердің өндірістік өнімдерін сату және жұмыспен қамту бойынша бастамаларын ортаға салды. Ал, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі Т.Лаубай жастар арасындағы буллингтің алдын алуға арналған «Қалқан» стартап жобасын таныстырып, оның төрт бағыттағы жұмыс моделін ұсынды.

Форум соңында колледждер мен бизнес құрылымдары арасында 15 ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар жаңа жұмыс орындарын даярлауға, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және кадрларды мақсатты түрде қайта даярлауға жол ашады.