Биыл еліміз үшін тағылымы терең тарихи белес – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен ерлік пен парасаттың символына айналған Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы қатар келіп отыр. Осы қос мерейтой аясында Жамбыл облысында жаңа рухани нысан – «Бауыржан Момышұлы» музейі салтанатты түрде ашылды.
Облыс орталығындағы «Даңқ залы» кешенінің аумағында бой көтерген музейде халқымыздың ардақты ұлы Бауыржан Момышұлының өмір жолын, ерлік істерін және рухани мұрасын танытатын бірегей жәдігерлер топтастырылған. Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, экспозициямен танысып, батырдың ұрпақтарымен жүздесті.
Музей көрмеде Баукеңнің балалық шағынан бастап, әскери қызмет жолы, отбасылық өмірі мен шығармашылық кезеңі кеңінен қамтылған. Экспонаттар қатарында – полковник шеніндегі шинелі, өзі қолмен салған әскери карта, әйгілі «Ұшқан ұя» мен «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қаламы мен сиясауыты, жеке құжаттары мен фотосуреттері бар.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынған Бауыржан Момышұлының жеке маузері, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылыштың үлгісі, бейбіт күндері тұтынған ыдыс-аяқтары – күміс қасықтар, ағаш тостағандар, шөміштер, шай ішетін ыдыстар да орын алған.
Батырдың шығармашылықпен айналысқан жылдарына тиесілі 70-тен астам қолөнер бұйымдары, өзі ойып жасаған ою-өрнек альбомы, Құрмет грамоталары, «Ғасыр саңлағы» мен «Ғасыр қаһарманы» атақтарының берілгені жөніндегі құжаттар да көпшіліктің назарына ұсынылды.
Көрменің ең бір ерекше тұсы – батырдың жеке кабинетін реконструкциялау арқылы жасалған көрме. Мұнда жазушы Тахауи Ахтанов пен ақын Әбділда Тәжібаев сияқты тұлғалар бас қосқан үстел, соғыс кезінде де жанынан тастамаған үстел шамы, компасы, сағаты мен фортепиано орналасқан. Бұл бұйымдар батырдың жан дүниесі мен тыныс-тіршілігін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Баукеңнің өмірінен сыр шертетін екі аса құнды жәдігер көрме төрінен орын алды. Оның бірі – 1932 жылы Қызыл Армия қатарына алғаш рет аттанғанда қолына алған, кейін 1956 жылы елге оралғанда өзімен бірге алып келген чемодан. Екіншісі – соғыс жылдарында басқарған әскери бөлімшелердің құпия құжаттары сақталған темір сейф. Маузердің дүміне Бауыржан Момышұлының есімі қашалып жазылған.
Айта кету керек, жуырда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Жуалы ауданында орналасқан прокуратура ғимаратында даңқты батырдың мерейтойына орай мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өткен болатын.
Музейдің ашылуы – ескерткіш қана емес, ұрпаққа өнеге, ұлттық рухты ұлықтайтын тағылым мектебі. Бұл бастама – ұлы тұлғаның есімін ұлықтап, оның рухани-адамгершілік ұстанымдарын кейінгі буынға аманаттау жолындағы маңызды қадам.