Таразда әйелдерге арналған медициналық бөлімше ашылды

0 2

Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» емханасында әйелдерге кеңес беретін жаңа бөлімше өз жұмысын бастады. Бұл бастама алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және білікті мамандармен жасақталған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, бұл орталық – әйелдердің денсаулығына деген нақты қамқорлықтың көрінісі. Оның сөзінше, болашақ аналарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – ұлт саулығын нығайтудың маңызды тетігі. Мұнда әйелдерге өмірінің барлық кезеңдерінде, соның ішінде жүктілікке дайындық, жүктілік барысы және босанғаннан кейінгі уақытта сапалы медициналық қызмет көрсетіледі.

Жаңа бөлімшеде акушер-гинекологтар, ультрадыбыстық зерттеу мамандары, отбасын жоспарлау жөніндегі кеңесшілер қызмет атқарады. Сондай-ақ болашақ аналарға арналған арнайы мектеп, психологиялық және заңгерлік көмек те қарастырылған. Бұл кешенді қызметтер әйелдердің физикалық ғана емес, эмоционалдық және әлеуметтік саулығын да қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі негізінде әйелдерге амбулаториялық-емханалық деңгейде көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде. Бағдарлама аясында жүктілік кезіндегі асқынуларды ерте анықтау, пренаталдық скрининг пен генетикалық зерттеулер жүргізу, психопрофилактика, қашықтан кеңес беру және патронаж қызметін ұйымдастыру сияқты бағыттар қамтылған. Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету шаралары да жүзеге асырылады.

Мұнымен қоса, репродуктивті денсаулықты сақтау, түсік жасатудың алдын алу, басқа медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, ана мен бала өлімін азайту мақсатында нақты шаралар қолға алынған. Бұл орталықтың ашылуы – өңірдегі әйелдерге көрсетілетін медициналық қызметтердің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.