Тараз университетінде оқу үдерісіне шетелдік тәжірибе енгізілуде

0 2

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ елдерінен келген халықаралық серіктестермен маңызды кездесу өтті. Жиында білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, шетелдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізу және студенттерге көпмәдениетті ортада білім алуға жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды.

Басқосуға Қытайдың Ланьчжоу политехникалық университетінен келген қытай тілі оқытушылары Ло Цзюань, Ван Хайсяо, Ван Сяоли, Оңтүстік Корея Республикасынан корей тілі маманы Сонг Ю Ха, АҚШ-тан «Fulbright» бағдарламасының стипендиаты Эмма Ким және Америка Құрама Штаттары Елшілігінің Қазақстандағы өкілі Жанайдар Дүзгенбай, университет тарапынан Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы әрі «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова, қытай тілі оқытушысы Амина Шамшиева және корей тілінің аудармашысы, 4-курс студенті Айлара Жолдығұлова қатысты.

Кездесу барысында тараптар университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен орнатқан байланыстарын одан әрі нығайту жолдарын қарастырды. Маусым айында Ланьчжоу политехникалық университетінің делегациясы Таразға арнайы келіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Аталған құжат негізінде биылғы 9 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін Тараз университетінде үш қытай тілі оқытушысы білім береді. Бұл студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға үлкен септігін тигізбек. Сондай-ақ Оңтүстік Корея Елшілігінің білім беру орталығы мен университет арасындағы келісім аясында Сонг Ю Ха есімді шетелдік маман «Әлем тілдері» кафедрасында жұмыс істеп, Корея тарихы, мәдениеті мен білім жүйесі туралы тың ақпараттармен бөліседі.

АҚШ тарапы да өз үлесін қосуда. «Fulbright» бағдарламасының стипендиаты Эмма Ким 2025 жылдың қыркүйегінен бастап, келесі жылдың маусым айына дейін университетте қызмет атқарып, ағылшын тіліндегі сөйлесу клубтарын, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Оның жұмысы студенттердің тілдік әлеуеті мен дүниетанымын кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар АҚШ Елшілігінің өкілі Жанайдар Дүзгенбайдың қатысуы да екі ел арасындағы академиялық байланыстың маңыздылығын айқын көрсетті.

Жиында сөз сөйлеген университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Байжұманов халықаралық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, шетелдік мамандардың келуі студенттерге сапалы білім алып қана қоймай, жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұхтар Қазбекұлы көпмәдениетті ортаның жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, ашық ойлы тұлға етіп тәрбиелеудегі рөліне ерекше назар аударды. Шетелдік қонақтарға алғысын айтып, бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.

Халықаралық мамандар да өз ойларын ортаға салып, университет ұжымына жылы қарсы алғаны үшін ризашылықтарын білдірді. Эмма Ким Қазақстанға алғаш келсе де, студенттердің білімге деген ынтасы мен оқытушылардың жылы қабағы ерекше әсер еткенін айтты. Ал, кореялық оқытушы Сонг Ю Ха өзіне артылған сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізді.

Өзара түсіністік пен достық аясында өткен жылы жүздесуде қатысушылар болашақтағы бірлескен бастамалар білім мен ғылым саласындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, университеттің халықаралық аренадағы беделін нығайта түсетініне сенім білдірді. Тараз университетінің шетелдік мамандармен әріптестікті кеңейтуі – оның әлемдік білім кеңістігіне еркін кірігуге бағытталған нақты қадамы екені сөзсіз.