Талдықорғанда смарт аялдамалар жаңартылып жатыр

0 1

Бүгінде Жетісу облысының орталығында ескі смарт аялдамаларын қайта қалпына келтіру жұмысы жалғасуда.

Жауаптылардың сөзінше, бұл бастама өңір тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі  уақытта Талдықорған қаласы бойынша 21 смарт аялдама бар. Аталған  аялдамалар  2018 жылы ел игілігіне берілгенімен, сапасы сын көтермегендіктен шаһар тұрғындарының наразылығын тудырған.

Басынан дау арылмай келген  бұл аялдамаларды өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен заман талабына сай жабдықтап, бес жылға сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданған еді. Нәтижесінде аялдамаларда қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып,  осыған дейін толық жөндеуден өткен 12 аялдама пайдалануға берілген. Ал, қалған 9 аялдаманы жыл соңына дейін толық жаңарту жоспарланыпы отыр.

– Жабдықталып жаткан бұл смарт аялдамалардың құрылымы  барлық талаптарға сай. Онда қыс мезгілінде арнайы жылыту батареялары іске қосылса, жаз айларында салқындатқыш құрылғысы жұмыс істейді. Сонымен қатар, әр аялдамада тегін «Wi-Fi» желісі мен смартфондарды қуаттайтын арнайы құрылғылар орнатылған. Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында аялдамалар автоматты түрде таңғы 06:30-да ашылып, түнгі 22:00-де жабылады. Бұдан бөлек, барлық аялдамалар тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және күн сайын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметкері Балжан Жұманбекова.

Қазір шаһар тұрғындары қайта жаңартылып қолданысқа беріле бастаған смарт аялдамалардың таза әрі қолайлылығына ризашылықтарын білдіруде.