Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық инклюзивті этно-көрме – «Kazakhstan: Ethno-Inclusive Dialogue» Талдықорған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өтті.
Алдымен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бастаған топ көрмеге қатысушылардың өнімдерін тамашалап, қолөнер шеберлерімен танысты.
– Талдықорғанның осындай ерекше оқиғаның алаңына айналып отырғанын мақтан тұтамыз. Көрменің облыс пен қала үшін маңызы зор. Біз инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Мұнда әр адам өзінің құндылығын сезінеді және өзінің әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ мұны ұлт тарихын терең түсініп, мәдениетімізді бағалап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған үлкен шара деп білемін. Сондықтан бұл сіздерге зор шабыт, үлкен сенім ұялататынына сенімдімін, – деді көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Ернат Бәзіл.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара инклюзивті шеберлердің шығармашылық жетістіктерін паш етуге, әлеуетті сатып алушылар мен серіктестерді тартуға мүмкіндік берді. Бұған қоса, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті дамытуға, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланысты нығайтуға септігін тигізді.
Айта кетейік, көрме Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Забайкалье өңірі мен Саратов қалаларынан, Түркияның Анталия қаласынан, Өзбекстанның Ташкент, Наманган және өзге де аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шеберлердің қолдан жасалған өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Көрме сөрелеріне былғары, күміс, ағаш, жүн және табиғи материалдардан жасалған бірегей әрі эксклюзивті бұйымдар қойылып, көпшілікті таңғалдырды.
«Мейірім» ЖШҚ төрағасы Гүлвира Таубалдинова:
– Біз шығармашылықтың шегі жоқ екенін көрсетуге тырыстық. Мүмкіндігі шектеулі жандар жай ғана көрермен емес, мәдени диалогтың толыққанды қатысушылары. Көрме біздің оны ашық жариялау мүмкіндігімізге айналды. Біз жай ғана көрме емес, қарым-қатынас, шабыт және жаңа мүмкіндіктер үшін ашық алаң құруға тырыстық. Іс-шара кезінде көптеген қатысушы жаңа тұтынушылар мен серіктестер тапты, – деді.
Көрме кезінде тамашалаушы қонақтар тауарлар мен қызмет түрлерімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Қатысушылар қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Олар ұсынған этностильде тігілген киімдер мен баскиімдер, сөмкелер, басқа да заттар жиналғандарды тәнті етті.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар да назарға ілікті. Бақытгүл Райымбаеваның айтуынша, оның мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келе жатқанына 18 жыл болыпты. Ол жас шеберлерді өнерге баулып, киіз басу, сырмақ ою, кесте тігу, кілем жасау және ши тоқуға үйретеді. Өнімдер тапсырыс арқылы дайындалып, сатылымға шығарылады. Қызығушылық танытатын шетелдіктер де аз емес көрінеді.
Көрменің ерекше қонағы, сондай-ақ Ресейдің Саратов қаласынан келген Елена Фролова болды. Ол осыдан 9 жыл бұрын инсульт алып, ұзақ уақыт оңалту кезеңінен өткен. Оң қолы толық қалпына келмесе де, қолөнермен айналыса бастапты.
– Мен шығармашылықпен шұғылданғанды жақсы көремін. Онсыз өмірімді елестету мүмкін емес. Осындай ауқымды іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Шақырылғаныма ризашылығым шексіз. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда қолдау да, достық та, өзара құрмет те бар, – деп ойымен бөлісті көрмеге қатысушы Елена Фролова.
Көрме кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, басқа да қызықты іс-шаралар өтті. Ол алыстан ат терлетіп жеткен шебер иелеріне шабыт сыйлап, көрермендердің көңілін көтерді.