БІЛІМ САПАСЫ ЖОҒАРЫ ЕЛДЕРДІҢ ДЕНІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАБЫСТЫ БОЛЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ АТАЛҒАН САЛАНЫ ДАМЫТУҒА ҚАРАЖАТТЫ КӨБІРЕК БӨЛУ ДЕГЕНДІ БІЛДІРМЕЙДІ. ЗЕР САЛСАҢЫЗ ӘЛЕМНІҢ КЕЙБІР ЕЛДЕРІ МҰНДАЙ ЖЕТІСТІККЕ БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУ ЖОЛДАРЫН АНЫҚТАП, СОЛ БАҒЫТТА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАСАУ АРҚЫЛЫ ЖЕТКЕН.
Балаға таным мен білімнің негізі мектептен қалыптасады. Сондықтан мектепке және оның жүрегі саналатын мұғалімдерге артылатын жауапкешілік өте жоғары. Орта білім беру өте күрделі жүйе болғандықтан, білім сапасын көтеру де оңайға соқпайтынын білеміз. Бүгінде цифрлық технологиясыз даму жолына түсу мүмкін емес. Уақыт талабынан туған жаңа трансформация қоғамның барлық саласына енді. Оны меңгеру арқылы біз жаһандық үдерістерге бейімделе аламыз. Цифрландыру мен жасанды интеллетіні игерумен білім саласындағы теңсіздікті жойып, оқыту сапасын дамытуға болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне айрықша мән беріп, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеуді, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыруды тапсырды. Бұл өз кезегінде заманауи оқыту әдістеріне тың міндеттер жүктейді. Жалпы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні пайдалану оқытуды дербестендіруге, яғни оқу материалдары мен оның әдістерін әрбір оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге, мұғалімнің уақытын оңтайландыруға, оқушылармен өзара қарым-қатынаста жұмыс жасауға, интерактивті оқу материалдарын пайдалана отырып, оқытуды қызықты әрі түсінікті етіп өткізуге мүмкіндік береді.
Мұны Талас ауданындағы орта мектептің педагогтары да жақсы түсінеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғаповтың айтуынша, білім беру ұйымдары түрлі цифрлық платформаларды және жасанды интеллект құралдын пайдалануды меңгерген. Әсіресе, жас мамандар арасында жаңа технологияларға қызығушылық жоғары көрінеді. Дегенмен туындап отырған мәселе жоқ жоқ емес.
– Инфрақұрылымдық шектеулер, шалғай ауыл мектептерінде интернеттің, материалдық-техникалық базаның әлісіздігі оқушылардың талапқа сай, лайықты білім алуына кедергі болатындығын жасырмаймыз. Одан бөлек, оқушылардың берілген тапсырманы өзі орындамай, жасанды интеллектен дайын жауап алуы жиі ұшырасады. Бұл проблемаларды шешу үшін тиісті жұмыстар жасайтын боламыз. Әйтсе де, олардың арасында жасанды интеллект пен цифрлық технологияны шебер меңгерген мұғалімдер де, белсенді оқушылар да аз емес, – дейді Мақсат Арапұлы.
Аудандағы білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылынан бастап аудан педагогтеріне жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету мақсатында «Al Teacher» жобасы іске асырылмақ. Жоба аясында вебинарлар мен шеберлік сабақтары өткізіліп, нәтижесінде мұғалімдер білім беруде жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын болады. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап аудандағы барлық білім беру ұйымдарында «Цифрлық сауаттылық апталығы» акциясы ұйымдастырылуда.
– Жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы жобаларды жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстарды, сонымен қатар, «Аудандық үздік стартаптар» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырамыз, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Қоғамда жаңа технологиялардың адамға тигізетін кері әсері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен цифрлық трансформацияны білім беру жүйесінде қолдану уақыт талабынан туған шешім. Бұл бастаманы сауатты енгізу бірінші кезекте оқытудың тиімділігі мен артықшылығын қамтамасыз етеді. Ал, жасанды интеллект технологиялары өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.