«Қарақат» мектеп-студиясы десе, көз алдымызға жетіген ұстаған арулар келетіні анық. Білім ошағының ең негізгі мақсаты да ұмыт бола бастаған жетіген аспабын насихаттау. Тараз қаласында да аталған мектеп-студияның филиалы ашылып, жас таланттардың өнерін шыңдап, өздерін танытуына мүмкіндік жасауда.
Тараздағы «Қарақат» мектеп-студиясында білім алып жүрген жетігенші қыздардың бірі – Ақсезім Сахан. Ұлттық аспаппен кез келген әнді тамылжыта орындайтын арудың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай.
Ақсезім жастайынан зерек, өнерге жақын болып өседі. Түрлі үйірмелерге қатысып, өнер байқауларында олжалы болып, көптің көзіне түседі. Сөйтіп бүгінде өзі білім алатын Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның мақтанышына айналған. Жетігенші арудың қазақ халқының көне аспаптарының бірі саналатын жетігенге деген сүйіспеншілігі төмен сыныптарда оқып жүрген шағынан басталған. Сиқырлы үнге бай, сырлы сазды аспап өнерге жақын қызды бірден баурап алады. Әсіресе Қарақат Әбілдинаның орындауындағы «Балапан қаз» секілді жетігенмен сүйемелдеп орындайтын шығармаларды естігенде қызығушылығы арта түскен.
Бастапқыда ата-анасының ақылымен «Қарақат» мектеп-студиясының вокал үйірмесіне қатысып жүреді. Кейін студия директоры Алтынай Өсімжанқызы жетігенде ойнап, үйренуге кеңес береді.
– Көпшілік кейде «Неге жетігенді таңдадың?» деп сұрап жатады. Басты себебі – аспаптың дыбысы құлақтан кіріп, бойды алады. Сырлы сазының өзіндік кереметі бар. Содан да болар жаныма жақын. Заманауи әндермен аспаптың беделін түсіргім келмейді. Сол себепті «Балқадиша», «Көзімнің қарасы», «Гүлдер-айым» секілді дәстүрлі әндерді орындаймын. Өнер жұлдыздарының ішінде өзіме Қарақат Әбілдинаны үлгі тұтамын. Болашақта Қарақат әпкеміз секілді халқыма танымал өнер иесі атанғым келеді, – дейді Ақсезім өз шығармашылығы жайында сөз қозғап.
Ақсезім жетігенді алғаш қолына ұстағанда өз аспабын тапқандай ерекше сезімде болыпты. Меңгере келе аспапты тереңірек түсініп, оны шебер орындауға дағдыланған. Жетігенші қыздың шеберлігін шыңдауда Гүлмира Сабалиева ұстазының еңбегі зор. Өнерлі ару өзі де ұстазынан үлгі алып, үйреткендерін зер сала тыңдап, керек жерінде ақыл-кеңесін сұрап отырады.
Ақсезімнің алғырлығы мен зеректігі жарқын жетістіктерге жол ашады. Талантының арқасында көптеген байқауларға шақырту ала бастайды. «Қарақат» мектеп-студиясымен бірге республикалық деңгейдегі концерттерде, түрлі ән кештерінде өнер көрсетеді. Түрлі хабарларға шақырту алып, сұқбат та беріп үлгерген. Облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Бірде «Өнерге қанат қаққандар» республикалық ән-би байқауына қатысып, бағын сынап көрген. Сол сайыста бас жүлдені иеленеді. Нәтижесінде жүз пайыз жеңілдікпен Түркияға жолдама жеңіп алады. Ақсезім өзінің бұл жеңісін шығармашылық жолындағы ең үлкен жетістігі деп есептейді. Әрине, әзірге. Болашақта бұдан да жоғары белестерді бағындырарына сенеміз. Өзі үлгі тұтатын Қарақат Әбілдина секілді сахнаның бұлбұлы атанып, жетігенімен бірге әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүруі де ғажап емес. Жуырда Алматы қаласында өткен республикалық жас өнерпаздар арасындағы өнер байқауына қатысып бірінші орынды жеңіп алып, жүлде қорын тағы да толықтырды.
Негізінде жетігеннің өз репертуары сақталмаған. Сондықтан жетігеншілер әртүрлі аспаптардың, соның ішінде қобыз, домбыра, сыбызғының шығармаларын жетігенге лайықтап орындайды. Әрі бұл аспап кез келген шығарманы қабылдай бермейді. Батыстың жігерді жанитын екпінді күйлерін орындаған кезде табиғаты нәзік жетігенге қинап салынғаны көрініп тұрады. Осындай табиғаты бөлек, көнеден жеткен нәзік үнді аспапты жанына серік еткен Ақсезімнің таңдауы мақтауға лайық.
Ұлттық аспаптың құндылығын дәріптеп, өзіндік сара жолын таба білген жетігенші ару талай жасқа үлгі болары анық.