Тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор

0 1

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Талас ауданындағы Қараой ауылдық кітапханасында тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізілуде.

Атап айтқанда Талас ауданының Құрметті ардагері, “Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін”, “Талас ауданына 90 жыл” мерекелік төсбелгілерінің иегері Қуатбек Жолмұхамбетұлының «Қараойым – қасиетті мекенім» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Қазыналы Қаратаудың етегінде орналасқан Қараой – терең тарихты тұмшалап жатқан өлке. Бұл маңда ғалымдар мен археологтар алғашқы адамдардың қоныс тепкен іздерін тапқан. Тіпті, ел аузында сақ патшайымы Томиристің Парсы патшасы Кирмен шайқаспас бұрын Массагет тайпаларымен кеңес құрған жері осы Қараой деген аңыз да бар. Даңқты Ескендір Зұлқарнайынның әскері де осы даладан өткен деседі.

Осындай киелі мекен жайында сыр шертетін Қуатбек Жолмұхамбетұлының еңбегі – Қараой тарихына арналған тұңғыш деректі жинақтардың бірі. Кітапта жергілікті тарихпен қатар, ел ішіндегі жазбагерлердің естеліктері, танымал қаламгерлердің жазбалары мен тарихи құжаттар топтастырылған. Сонымен қатар, суреттемелік материалдар арқылы өткен мен бүгіннің арасын байланыстырып, туған жердің шежіресін бүгінгі ұрпаққа жеткізу мақсаты көзделген.

Тұсаукесерге Қаратау ауылдық округінің әкімі Мұрат Несіпбаев, аудандық орталық кітапхана директоры Шынар Жұмабекова, ауыл тұрғындары және автордың туыстары мен әріптестері қатысты. Олар авторға жылы лебіздерін білдіріп, кітаптың болашақ ұрпақ үшін тарихи мұра екенін атап өтті.

Сондай-ақ ауылдық кітапханада кемеңгер ақын, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!» атты жыр кеші өтті. Іс-шара барысында кітапхана оқырмандары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ойтолғау жасады.

Ауыл оқырмандары Нұрбала Кенжеева мен Бағлан Керімбек Абай шығармаларындағы философиялық тереңдікті қазіргі заман жастарының көзімен пайымдап, ойларын ортаға салды. Жастардың Абай мұрасына деген қызығушылығы мен түсінігі кешке ерекше мазмұн берді. Кеш соңында патриоттық әндер шырқалып, рухты көтеретін әсерлі сәттерге ұласты.

Іс-шаралар легі мұнымен шектелмей, Қараой ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Оқы, Таны, Дамы» атты жастарға арналған кітап көрмесі өткізілді. Жастарды көркем және танымдық әдебиеттерге тарту, олардың рухани дамуына ықпал ету, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруды мақсат еткен көрме аясында Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Әлихан Бөкейхан және Бердібек Соқпақбаев сынды қазақ әдебиеті мен тарихының көрнекті тұлғаларының шығармалары оқырман назарына ұсынылды.

Бүгінде кітапхана – кітап оқитын орын ғана емес, мәдени-ағартушылық, рухани даму орталығы. Қараой ауылдық кітапханасында өткізіліп жатқан мазмұнды іс-шаралар осының айғағы. Заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған іс-шаралар кітапханашылардың кәсіби біліктілігі мен жаңашыл көзқарасының нәтижесі екені анық.