Тағдырын да, жарын да темір жолдан тапқан шебер

0 2

Төзім мен шыдамның «қорғасынын» қатар құйған мамандар тек теміржолда жұмыс істейді десек жаңсақ болмас. Өйткені, бұл салада еңбек ететіндер осы екеуін тұрмысқа арқау қылады. 1992 жылдан бері шойын жолдың ыстығы мен суығына қатар төзген, тағдырын да, жарын да темір жолдан тапқан Ерболат Жетібаев осылай дейді. Саланы әбден меңгерген маманның сөзін құп көрмеске лаж жоқ. Бесаспаптығын айналасына мойындатқан теміржолшыны әріптестері құрмет тұтады.

Кейіпкеріміз салаға адасып келмеген. «Әке көрген – оқ жонар» тәмсілі бойынша саланы әкеден аманаттап алған. Әкесі саналы ғұмырын қосылмайтын қос арналы жолда өткізіпті. Мұны ескерген Ерекең де тағдырын теміржолмен байланыстырған. Алғаш пойыз тоқтатушы қызметін атқарады. Кейін басшылықтың нұсқаулығымен Тараз қаласындағы теміржол техникалық мектебінде білімін жетілдіреді. Осылайша экономиканың күретамыры саналатын салаға әбден ден қояды.

– Теміржол кішкентай болсын қателікті кешірмейді. Өйткені, көп адам бейжай қарайтын қателіктердің ауыр салдары болуы мүмкін. Бар түйсінгенім, шәкірттерімнің бойына дарытқаным осы жайт болды. Отыз жылдан астам уақыттан бері бірнеше шәкірт тәрбиеледім. Олардың алды жоғары лауазымға ие болып, теміржол саласының жауапкершілігін арқалап жүр, – дейді Ерболат Жетібаев.

Кейіпкеріміз шойын жолда махаббатын да жолықтырған. Шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі болған. 1993 жылы ШЧ-32 стансасында байланыс механигі қызметіндегі Галия Белгібайқызымен отбасын құрды. Екі бұрымдыны дүниеге әкелді. Қазір қыздары тұрмыста. Қолы босағанда немерелерін ертіп кеп, Ерболат Ақанұлының шаңырағын шаттыққа бөлеп кетеді.

Станса бастығының орынбасары Данияр Тәңірберген әріптесінің өз ісін жетік меңгерген маман екенін алға тартуда. Айтуынша, жетістігі мол кейіпкеріміз үнемі жасы кішілерге меңгергенін үйретуші.

– Ерболат Ақанұлымен 2010 жылдан таныспыз. Сол уақытта стансаға жұмысқа келгенмін. Содан бері ағамыз ақылшымызға айналды. Ол кісіні «Теміржолдың кеңес кітабы» десек артық емес. Саланы меңгерген маманнан білмегенімізді сұрап, үйреніп жүрміз. Ерболат Жетібаевтың еселі еңбегі басшылық тарапынан жоғары бағаланады, – дейді Данияр Тәңірберген.

Қазір кейіпкеріміз стансаның пойыз құрастыру №2 пунктінде қызмет етеді. Станса бастығының орынбасары Д. Тәңірбергеннің сөзінше, бұл теміржолдың қызмет қаупі жоғары саласы екен. 20 тонналық салмағы бар вагондар 60 тонна жүгімен тұрғанда оларды бір-біріне тіркеу мен ажырату осы кісінің жауапкершілігіне жүктелген. Жүк пойыздарын тоқтатып, бір-біріне жалғап, вагондардың қауіпсіздігін саралау Ерболат Жетібаевтың құзыретінде. Осындай қауіпті жұмыс істеп жүрген кейіпкеріміз жұмысының жоғары бағаланғанына дән разы.

– Еңбегімізді «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ АҚ бағалауда. Жалақымыз өсті. Содан болар, біздің салада жастардың қатары артты. Қолдау болмаса мұндай орын алмас еді, – дейді кейіпкеріміз.

Жолаушы һәм жүк тасымалында теміржол ең қауіпсіз транспорт қатарында. Бәлки, мұның сыры Ерболат Жетібаев сынды мамандардың жұмыс істеуінен болар?!