Табысының көзі – жылыжай

0 5

Жалағаштық Дәулет Сәруар мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсібін ашып, шаруасын жүргізіп келеді. Ол былтыр жылыжай кешенін салып, күз айында алғашқы өнімін алды. 

– Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жылыжай кешенін салдым, 8,6 миллион теңгені 2,5 пайызбен  алдым. Жылыжай газбен жылиды. Тамшылатып суару технологиясын қолданып отырмыз. Шымкент қаласынан топырағын, дәрумендерін алдырдық. Әзірге көкөніс түрінен қияр ғана егіп, 4 тонна өнім алдық. Жиналған қиярды жергілікті кәсіпкерлер сатып алып, сауда сөрелеріне тиімді бағамен қойды. Тартылған жіптерді қиялаған қияр бойын тіктеп өседі. Бұл өнімді жинауға қолайлы. Күнделікті өзім бақылап отырамын. Мөлшермен суарып, уақытылы топырағын қопсытып, түбін тазалаймын. Содан болар, өнім мол алынды, – дейді ол.

Кәсіпкер екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазір жылыжайда топырақты тыңайту жұмыстары жүруде. Ақпанның соңында қайта тұқым себіледі.

– Бұған дейін де шаруашылықпен айналысып, күріш ектім. Осы саланы білгеннен кейін жылыжай кешенін салу ойға келді. Әрине, бірден жүзеге асты деп айта алмаймын. Біршама еңбектенуге тура келді. Білікті агроном мамандарынан кеңес алып, егу жолдарын үйрендім. Арнайы кешенде егілетін болғандықтан ерекше күтіп-бапталады. Алғашқы өнім жақсы жиналды. Бастысы, еселі еңбек жемісін берді. Алда тағы да көкөніс түрлерін қосу ойда бар. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниеттеніп отырмын. Қолдау тапса, жұмыс ауқымын кеңейтемін, – дейді кәсіпкер.

Бағбанның  айтуынша, жылыжай – табыс көзі. Егер шаруасын дамыта алса, көкөністің күтімі жақсы, бабы мықты болса, өнім беретініне көз жеткізген.

Расында, кейінгі кездері Сыр өңірінде жылыжай салу ісі жанданып келеді. Тіпті, әр мектептің жанынан жылыжай ашылып, қысы-жазы жайқалып тұрады. Бұл бір жағынан оқушыларды жастайынан еңбекке баулып, қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятады.

Бұрын бұл кәсіпке кез келген адам икем таныта қоймайтын. Қазір аудан, ауылда да жылыжай салып, өнімін жинап, пайдасын көріп жатқандар бар. Шаруаны ілгерілетуге «Ауыл аманаты» жобасы да тиімді болып тұр. Міне, бағдарлама арқылы Дәулет Сәруар көптен бері ойластырып жүрген ісін дөңгелентіп әкетті.

Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі тұрғындардың табысын арттыру тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл – шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған бірден-бір жоба.

Жалағаш ауданында  былтыр қаржылық қолдауға ие болған 48 жоба «Ауыл аманаты» цифрлық платформасына енгізілді.