А.Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты шығармашылық кеш болып өтті.
Нұржан Тулақбаев басқаратын аудандық Мәдениет үйі ұйытқы болған, әдіскер Сейдалы Аманжолов аталған колледж басшылығымен бірлесе ұйымдастырған айтулы іс-шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Құралай Медетбекова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Талғат Сұлтанов, колледждің директоры Шұға Мұтаева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гауһар Ракаева және колледж білімгерлері қатысты.
Іс-шараны ашқан С.Аманжолов Асқаровтай арда азаматтың құрметіне арналған кештің мән-мағынасын тереңінен түсіндіре келе:
– Ес біліп, ат жалын тартып мінуге жараған шағынан бастап халқы үшін тер төгіп, нәтижесінде Алаштың ардақтысы атанған Асанбай ағамызды барынша ұлықтау мақсатында біздің аудандық Мәдениет үйі тарапынан 20 іс-шара ұйымдастыру жоспарланса, оның бірі сіздердің, ел келешегі – жастардың алдында өткізіліп отыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында, елге жасаған ерен еңбегі өлшеусіз болсадағы кеңестік солақай саясаттың кесірімен абақтыға қамалып, халқы араша түскен Асекеңнің құрметіне ауданымызда аллея ашылып, дүбірлі ақындар айтысы өтпек. Сонымен қатар республикалық дәрежедегі ғылыми конференция да ұйымдастырылады.
Асқаровтың өмір жолына көз салсақ, ол мемлекетіміздің, оның ішінде барша халықтың тағдырымен біте қайнасқан біртұтас дүние екенін көреміз. Сондықтан біртума азаматымызды кеңінен танып, есіл ердің рухын өшірмеу үрдісі жалғаса бермек. Бүгінгі іс-шараны тоқтаусыз толқынның жағаға соғып, сол арқылы сананы оятатын һәм өткенді еске салмақ бір ғана бағыты деп қабылдаңыздар, – деді.
Келесі сөз алған аудандық музейдің өкілі Т.Сұлтанов музейдегі А.Асқаровтың арнайы бұрышы мен жылдан-жылға көбейе түскен жәдігерлер – Асанбай ағамыздың тұтынған жеке заттарының қоры туралы айтып, жастарды еліміздің өткен тарихы мен ер тұлғалалары жайлы біліп жүруге шақырды.
Одан кейін үлкен экраннан аудандық Мәдениет үйінің әртістері сахналаған, Асанбай Асқаровтың Мәскеу абақтысындағы сағы сынбаған сәттерін баяндайтын сахналық бейнебаянның үзіндісі көрсетілді. Іс-шара А.Асқаровтың еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы, адами қасиеттері ой-армандары хақынан сыр шертетін әдеби-композициялық көрсетілімге ұласты. Қолдарына «Үміт» отын ұстаған әдіскер С.Аманжолов пен ұстаз Г.Ракаева және колледж білімгерлері кезектесіп, А.Асқаров ғұмырының әр сәтінен толғанысқа толы естеліктермен бөлісіп, ақындық пен жазушылық дарыны да бір төбе тұлғаның шығармаларынан үзінділер оқыды.
Кеш соңында қорытынды сөз сөйлеген колледж директоры Шұға Мұтаева есімін иеленіп отырған колледж ұстаздары мен білімгерлері үшін Асанбай Асқаровтың орны тым бөлек екенін, тау тұлғаның рухынан күнделікті күш-жігер алатындарын айтып, Асекеңнің жүріп өткен жолы – отаншылдықтың символы, ар-ожданның тазалығы, сонымен қатар, тәлім мен тәрбие алатын өмір мектебі екенін атап көрсетті.