Сыр сақтау – ар мен ұятты сақтау

0 2

Дін өкілі ретінде де, қарапайым тұрғын ретінде де айтарым, сырды ешкімге айтуға болмайды. Себебі, біреуге айтылған сыр ертең-ақ елге жария болады. «Дұшпанға шыныңды айтсаң да, сырыңды айтпа» деген нақыл осыдан қалса керек. Сырыңды тыңдағанның бәрі дұшпан емес, әрине. Сөздің ретімен айтылып жатыр. Жалпы, сыр деген адамның өз ішінде өте құпия болып қалуы керек.

Хакім Абай бір өлеңінде:

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты

– Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз, – деуі де сондықтан.

Шығыс шайырларының бірі Сағди да осынау тақырыпты айналып өтпеген екен. «Сырыңды біреуге айтып, сақта дегеннен гөрі, сырыңды ешкімге айтпаған мақұл. Арық тасып кетсе, байлап болмайды. Суды басынан қайтарған дұрыс», – деп өсиеттейді әйгілі шайыр.

Бұл туралы ислам дінінде үлгілі ізін қалдырған Әнас Ибн Мәлик те ой қозғаған. «Алла Елшісі мені бір шаруамен жұмсаған болатын. Сол себепті анамның алдына кешігіп бардым. Үйге келген кезде анам менен «Неге кешіктің?» деп сұрады. «Алла Елшісі мені бір шаруамен жұмсаған еді. Сол себепті сізге уақытылы үлгере алмадым», деп жауап бердім. «Ол қандай шаруа?», – деп сұрады анам. «Бұл – сыр. Алла Елшісі сырларыңды ешкімге айтпа деді», – деп жауап қаттым. Анам түсінді» деп жазып қалдырды Әнас Ибн Мәлик.

Ибн Мәлик пен анасы арасындағы осы әңгіме де кейінірек біраз талқыға түскен. Кейбір дін ғалымдары бұл сырдың Пайғамбардың отбасына қатысты болуы мүмкін екенін, әйтпесе оны анасынан жасыру Әнасқа халал болмайтынын айтқан. Ибн Баттал өзінше ой таразылайды. «Әһлу ілімнің пікірінше, иесіне зиян тигізетін сырды ашу мубах емес. Бірақ, адам өлген соң, тірі кезінде құпия болған жайттардың сыр тұтылуында қажеттілік жоқ. Бірақ, ол адамның абыройына нұсқан келтірмеуі шарт», – дейді ол.

Сыр сақтау – ар мен ұятты сақтау. Мейлі өзінікі, мейлі басқанікі болсын, кім сырды сақтаса, ұяты мен абыройын сақтағаны. Ал, кім оны жұртқа жарияласа, өзінің қадір-қасиетін аяққа таптағаны болып саналады.

Әр адамның өзіне тән, отбасына тән, қоғам мен халыққа тән сыры болады. Адамның жеке басына тән сыр жария болса, адамның ар-намысы аяққа тапталады. Қоғамға тән құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұсқан келеді. «Ұлы істерді үндемей бітіруге болады», депті Шыңғыс хан. Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі «Адаммын» деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жауы не десеңіз, жұтқан тамағы. Жалғанда мазаққа, ахретте азапқа түсіретін – тамақ. Тамақтан қажет жерінде тартынған кісі көп кедергіден алыс болады», дейді.

Сыр да сондай. Сырды сақтай білу – үлкен кісілік, адамгершілік. Бұл өмірде барлық нәрсенің шегі мен шекарасы бар. Ал, сырды сақтап, жақын адамдарыңды бағалай білу – жақсы қасиет. Ендеше ойымыздан имандылық, бойымыздан жақсы қасиеттер кетпесін.