Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні анық.
Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отыр. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсемізді көтеріп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талантараж етіп, ысырап қылу, жер телімін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де баршылық.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдадық. Бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптері анықталды. Заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, заңның негізінде мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жауапты болатындығы көрсетілген. Сыбайлас жемқорлық – тамыры тереңде жатқан қауіпті әлеуметтік құбылыс.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Жемқорларға қоғамда да, арамызда да орын жоқ екенін түсінгеніміз абзал.