Сүндет той – азаматтықтың алғашқы белесі

0 2

Сүндет той – қазақ халқы үшін ер балаға азаматтықтың алғашқы белгісін беретін маңызды кезең. Бұл – ата-бабадан қалған асыл дәстүрдің жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сәті. 3 пен 5 жас аралығындағы ер балаларды мұсылмандық парыз бойынша сүндетке отырғызу – халқымыздың рухани мәдениетінің бір көрінісі.

Сүндеттеу – пайғамбарлардан қалған ізгі амал. Медицина тілінде бұл – жыныс мүшесін жауып тұрған қабықшаны кесу арқылы тазалық пен денсаулықты қамтамасыз ету. Бұл дәстүр X-XI ғасырларда енсе, XIV-XV ғасырларда жалпы халықтық сипатқа ие болған. Бүгінде бұл рәсім заманауи медицинаның көмегімен қауіпсіз әрі креативті түрде жүзеге асырылып келеді.

Тараз қаласындағы «SUNDET medical center» орталығы – осы бағыттағы жаңашыл бастамалардың бірі. Орталықтың негізін қалаған кәсіпкер Қайрат Рахметов бұл жобаны 2022 жылы іске қосқан. Алматы мен Астанадағы тәжірибені зерттеп, туған жерінде заманауи әрі қауіпсіз сүндеттеу орталығын ашуды мақсат еткен. Орталықтың ерекшелігі – баланың көңіл күйін ескеріп, ойын кереуетінде жатқан күйінде лазерлік әдіспен сүндеттеу жүргізіледі. Бұл тәсіл қан шығармайды, тігісі аз, әрі баланың психологиялық жай-күйіне зиян келтірмейді. Орталықта сүндеттелген балаға «Батыл жігіт» деген мадақтама мен ойыншық көлік сыйға тарту дәстүрге айналған.

Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, баланы тым ерте – 1 жасында сүндетке отырғызу дұрыс емес. Себебі, бұл жаста баланың денесі толық қалыптаспайды. Қазақ халқы тақ сандарды киелі санағандықтан, 3, 5, 7 жаста сүндеттеу дәстүрге айналған. Бұрынғы заманда молдалар ыстық киіз басып, қан тоқтату әдісін қолданған. Алайда, бұл тәсілдер кейде ауыр зардаптарға әкелген. Сондықтан қазіргі медицинаға жүгіну – қауіпсіздіктің кепілі.

Жамбыл ауданының Аса ауылында да осындай орталық жұмыс істейді. Орталық иесі Нұрболат Маликов баланы ойын кереуетіне жатқызып, ауыртпай сүндеттеуді басты мақсат еткен.

Сүндеттеу – тек медициналық рәсім емес, бұл – ата-ана мен балаға ортақ сынақ. Баласының денесіне пышақ тиетінін ойлаған ана мазасыз күй кешіп, баласымен бірге күйзеледі. Онколог-маммолог дәрігер Әсел Сапарбекова ұлы Нұрисламды сүндетке отырғызғаннан кейінгі әсерімен бөлісті. Анестезиядан кейінгі ауырсыну, баланың кіші дәретке отыра алмауы – бұл кезеңнің қиындықтары. Бірақ, ана жүрегі баласының азамат болғанына қуанып, болашақта ел қорғайтын ер боларына сеніммен қарайды.

Облыстың бас неонаталды хирургы, «Халық алғысы» медалінің иегері Нұртуған Әлқуатов сүндеттеудің медициналық пайдасын атап өтті. Біріншіден, бұл – жыныс мүшесінің қабынуын болдырмайды. Екіншіден, зәр жолы инфекциясының алдын алады. Үшіншіден, жыныс жолы арқылы таралатын кеселдерден қорғайды. Тіпті, әйелдердің жатыр мойны обырына шалдығу қаупін төмендететіні ғылыми дәлелденген. Сондықтан бұл амал – тек діни парыз емес, денсаулықтың да кепілі.

Сүндеттеудің бағасы да әртүрлі. Жаз және күз айларында сұраныс артатындықтан, бағасы 20 мыңнан 60 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл сомаға жансыздандыру, дәрігердің еңбегі, сыйлықтар мен арнайы ішкиімдер кіреді. Кейбір орталықтар нақты прайс ұсынса, енді бірі ата-ананың бергенін қабылдайды. Емханалар мен ауруханаларда да тәжірибелі хирургтер бұл қызметті көрсетеді.

Сүндетке отырғызу – ер баланың азаматтыққа алғашқы қадамы. Бұл – тазалықтың, мұсылмандықтың, ерлік пен рухтың белгісі. Қазақ халқы бұл сәтті ерекше атап өтіп, «Ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгені құтты болсын!» деп тілек айтқан. Сүндет той – ұлттың ұлы тойы. Ендеше, той төресі – сүндет той көп болсын!