Субсидия мөлшері 50 пайызға артты

0 3

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда аяқсуды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керегін айтты. «Бұл – ең алдымен ауылшаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауылшаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деді Президент. Премьер-Министр Олжас Бектенов қызылордалықтардың осы мақсаттағы тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі етті. Сол межеден төмендемеу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аймақ диқандарымен кездесіп, егін науқанының жай-күйімен танысты.

Биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы ла­зермен тегістелген. Са­лыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 миллион текше метр су үнемделген. Ал орташа өнім­ділік гек­тарына 40-55 центнерден 70-80 цент­нерге дейін ұлғайды.

Айта кетсек, Үкімет ауылшаруа­шылығы кооператив­терінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50 пайызға дейін субсидиялайды.

– Сіздермен ең алғаш кездескенімде бірнеше ұсыныс айтқан едіңіздер. Өті­ніштеріңіз бойынша біз коопера­тив­­терге арналған субсидия мөлшерін 25 пайыздан 50 пайызға дейін ұл­ғайт­тық. Осыған дейін субсидия егістік ал­қабы 200 гектардан асатын шаруа­шы­лықтарға ғана тө­ле­неді деген талап бар еді. Біз Ауылшаруашылығы ми­нис­трлігімен бірлесе отырып, бұл шек­теуді де алып тас­тадық, – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында лазермен тегіс­тейтін 123 техника бар. Бұл 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік береді.

Биыл ауа райының ерекшеліктеріне байланысты ай­мақта суару маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Жауын-шашын болмағандықтан суармалы суға сұраныс екі есе артқан. Бүгінде өңір диқандарын сумен қамту үшін «Шардара» су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберілуде.

Министрлік Президенттің тапсыр­масы бойынша судың «көлеңкелі нары­ғын» жою үшін маңызды шешімдер қабылдады. Енді «Қазсушар» филиал­дары келісімшартқа отырған шаруа қо­жалықтарға ғана су береді. Заң­сыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су ко­дексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді.