Атырау облысында ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасып келеді. Өңірдің табиғи-климаттық және ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары кешенді түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, 2021–2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында суару және суландыру жүйелерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жоспарға сай, су инфрақұрылымын жаңғырту арқылы егіс алқаптарының көлемі 10462 гектардан 12554 гектарға дейін өседі. Бұл – 20 пайызға ұлғаю деген сөз. Сонымен қатар, жайылымды суару алқаптары 1800 гектарға дейін көбеймек. Су тапшылығы мәселесін шешу арқылы ауылшаруашылығы өнімділігін арттырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай жақсарады.
Жаңа жүйелердің арқасында негізгі ауылшаруашылығы өнімдері бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейі едәуір өседі деп күтілуде. Атап айсақ, ет өнімдері – 50 пайыздан 65 пайызға дейін, сүт өнімдері – 35 пайыздан 50 пайызға дейін, картоп – 45 пайыздан 60 пайызға дейін. Өз кезегінде көрсеткіштер елдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады.
Сонымен қатар, кешенді жоспар шеңберінде мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алмақ. 2025 жылға дейін ірі қара мал басы 180,3 мыңнан 207,3 мың басқа дейін өседі (15 пайыз), қой мен ешкі – 579,7 мыңнан 614,4 мың басқа дейін (6 пайыз), жылқы – 91,7 мыңнан 114,6 мың басқа дейін (25 пайыз), түйе – 32,9 мыңнан 35,3 мың басқа дейін (7,5 пайыз). Бұл өсім 915,5 мың гектар жайылымдық жерді тұрақты сумен қамту нәтижесінде мүмкін болмақ. Су инфрақұрылымының жақсаруы мал басының сапалы азықпен қамтылуын да арттырады.
Экономиканың аграрлық секторын дамытуда инвестициялардың рөлі зор. Осы бағытта жалпы сомасы 19,6 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Аталмыш жобалар ауылшаруашылығы өнімдерінің маусымаралық тапшылығын жоюға, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға және 357 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды шаралар агроөнеркәсіптік кешенді өңірлік экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналдыруға бағытталған. Су инфрақұрылымын жақсарту, өндірісті ұлғайту, инвестициялық жобалар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ.