Стратегиялық инфрақұрылымдық әріптестіктің негізі қаланды

0 1

Алматы облысы мен түркиялық халықаралық «NATA Holding» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – өңірде ірі стратегиялық инфрақұрылымдық серіктестікті қалыптастырудың алғашқы қадамы.

«NATA Holding» – әлемдегі ірі 100 құрылыс компаниясының қатарына кіретін халықаралық холдинг. Компания ауқымды инфрақұрылымдық жобаларымен танымал. Солардың ішінде Түрікменстанда 500 күнде 180 көпір салу жобасы Гиннестің рекордтар кітабына енген ерекше нәтижелердің бірі. Сонымен қатар, компания Түркиядағы ең ірі сауда орталықтары желесін құрған.

Кездесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық басқарма басшылары, Қонаев, Алатау қалаларының әкімдері, сондай-ақ холдингтің басшылығы мен қазақстандық өкілдері қатысты. Түркия делегациясын «NATA Holding» компаниясының бас директоры және қаржылық, техникалық, келісімшарт бағыттарының үйлестірушілері бастап келді.

– Алматы облысы – бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Біз инфрақұрылымды жаңғырту, көлік желісін дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және жаңа өндірістік аймақтарды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарудамыз. «NATA Holding» өзінің кең портфолиосымен, инженерлік тәжірибесімен және халықаралық беделімен біз үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Жолдар, көпірлер, инфрақұрылымдық нысандар салу және ірі девелоперлік жобаларды жүзеге асыру бойынша жинақтаған тәжірибелеріңіз бірлескен жұмыстың кең мүмкіндіктерін ашады. Жер телімдерін таңдаудан бастап, рұқсат құжаттарын алуға дейінгі барлық кезеңде сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әзірміз, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Өз кезегінде «NATA Holding» өкілдері көрсетілген қолдау мен өңірдегі бизнеске жасалған қолайлы жағдай үшін алғыс білдірді. Холдинг директорлар кеңесінің төрағасы Намык Танык меморандумның болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізіне айналатынын, екіжақты жұмыстың бағыттарын нақтылап, бірлескен жобаларды жан-жақты талқылауға жол ашатынын айтты.

Сапар барысында делегация Қонаев қаласындағы «Жаңа Іле» кешенді даму аймағында болды. Бұл аумақта ауқымды тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Инвесторларға жаңа ауданның газ, су және электр желілері бойынша жобалар таныстырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны ондаған миллиард теңгеге бағаланатыны атап өтілді. Бұдан бөлек, Шеңгелді алабындағы суару жүйелерін жаңғырту жобасы көрсетілді. Ол сорғы стансаларын жаңарту және мыңдаған гектар ауылшаруашылығы алқаптарын сумен тұрақты қамтуға бағытталған. Аталған бағыттар холдингке әлеуетті инвестициялық жобалар ретінде ұсынылды.

Сондай-ақ делегация Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» компаниясының «Наукоград» жобасымен танысты. Бұл жоба шамамен 1 триллион теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейді.

Кездесу барысында тараптар өзара әрекеттесудің негізгі тетіктерін талқылап, өңірдің инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуетімен жан-жақты танысты. Қол қойылған меморандум алдағы нақты келіссөздерге негіз болып, жаңа бірлескен жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол Алматы облысының инфрақұрылымдық даму міндеттерін шешуге халықаралық холдингтің тәжірибесі мен ресурстарын тартуға жол ашады.