Спорт саласының үздіктері ұлықталды

0 2

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде елімізде Олимпиадалық қозғалысты және спортты дамытуға сүбелі үлес қосқан сала мамандары мен спорт қайраткерлері арнайы марапаттарға ие болды. Салтанатты іс-шараға ҰОК президенті, әлемге танымал боксшы Геннадий Головкин қатысты.

Комитеттің ең жоғары марапаты – ҰОК ордені Қазақстан спортын дамытуға елеулі еңбек сіңірген бірқатар тұлғаларға табысталды. Олардың қатарында Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, WT таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев, бокс федерациясы вице-президенті Болат Әбдірахманов, сондай-ақ Қазақстан каратэ Одағы-Федерациясының вице-президенті Болат Хавлахат бар.

І дәрежелі «Құрмет белгісімен» марапатталғандар арасында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов, атақты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков, федерацияның атқарушы директоры Рауан Игенев және коньки спортының бас хатшысы Анжелика Макишева бар. Сонымен қатар, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың спортшылары Артём Антропов пен Нұрғиса Әділетұлы да осы наградаға ие болды.

ІІ дәрежелі «Құрмет белгісімен» марапат алғандар қатарында бокстан халықаралық байланыс жөніндегі вице-президент Дархан Қызайбаев, үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак, гимнастика, каратэ, таеквондо федерацияларының жауапты өкілдері, сондай-ақ ауыр атлетика саласындағы жетекші бапкерлер мен спортшылар бар. Олардың қатарында Фаррух Охонов, Рашид Төлегенов, Едіге Емберді сынды мамандар бар.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Олимпиадалық қозғалысты дамытуға елеулі үлес қосқан Радиф Муратов, Дмитрий Нұрсейтов, Никита Юшкевич, Мұрат Жолдыхожаев, Байболсын Құрманбеков және Ксения Прозорова ҰОК-тің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл марапаттар – спорт саласында табанды еңбек етіп жүрген жандардың ел спортына қосқан үлесін мойындау және бағалау. ҰОК бұл игі дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.