Сотты болған азаматтар да жұмыспен қамтылуда

0 1

Елімізде кәсіпкерлердің құқығы заңмен қорғалған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыровтың айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мақсатында палата 13 сот отырысына қатысқан. Сотта қаралған 4 іс бойынша кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, 201 миллион теңге бизнес субъектілерінің пайдасына шешілген. Сондай-ақ прокуратура органдарымен бірлесіп 7 сараптамалық кеңес отырысы өткізіліп, 5 жүйелі бизнес мәселесі шешілген, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 16 тексеру алынып тасталған.

Палата тарапынан инвестициялық жобаларға жүйелі түрде мониторинг өткізіп тұрады. Сол арқылы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде, проблемалық мәселелерді анықтау және инвесторлармен өзара іс-қимыл екі интерактивті платформа арқылы жүзеге асырылуда. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының интерактивті инвестициялық картасына 70 өңірлік жоба енгізілді, жалпы сомасы 1,27 триллион теңге, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға (ҰЦИП) 41 жоба енгізілді. Оның жалпы сомасы 4,7 триллион теңге. Жоба аясында 10 мыңнан астам жұмыс орны ашу көзделген», деп атап өтті палата өкілі.

Жалпы ҰЦИП-те инвестициялық келісімшарттар негізінде іске асырылатын, құны 600 миллион теңгеден асатын жалпыұлттық пулға жататын жобалар орналастырылған. ҰЦИП аясында палата 38 жоба бойынша мониторинг және верификация жүргізді. Сондай-ақ облыс әкімінің төрағалығымен жұмыс істейтін Өңірлік инвестициялық штаб аясында 2025 жылы ӨИШ-тің 12 отырысы өткізіліп, түрлі салалар бойынша 40 жоба (оның ішінде АЭА аумағында іске асырылатын 11 жоба) қаралды, инвесторлардың 100-ден астам мәселесі талқыланып, 33 тапсырма берілді. Оның ішінде 13 тапсырма толық орындалса, бесеуі ішінара орындалған, ал 15 тапсырма орындалу сатысында.

– 2025 жылдың 17 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған болатын. Инвестициялық омбудсмен функциясы Бас прокурорға жүктелді. Осыған байланысты Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет (Инвестициялық омбудсмен), кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және ҰКП «Атамекен» арасында өзара іс-қимыл туралы Меморандумды әзірлеу және қол қою жоспарлануда. Комитеттің құрылуы инвесторларды қорғаудың жаңа архитектурасын қалыптастырады, онда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекет пен бизнес арасындағы негізгі әріптес болып табылады. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының прокуратурасы мен палата арасында, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, инвесторлармен олардың объектілерінде кездесулер өткізу үшін аудандарға бірлескен іссапарлар жоспарланған. Нәтижесінде инвесторлардың құқықтарының бұзылуы анықталған жағдайда, прокурорлық ден қою актілері мен ұсынымдық хаттар енгізілетін болады, – дейді Айдар Қайнарұлы.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша салалық кеңесте 52 отырыс өткізіліп, 130-дан аса мәселе қаралған. Онда елуден аса ақпараттық сүйемелдеу іс-шаралары қаралып, елу үш мәселе толық шешімін тапса, 27 мәселе палатаның жұмысында қалды. Қаралған мәселелер қатарында туризм, әйелдер кәсіпкерлігі және ағы басқа сұрақтар бар. Сонымен қатар, серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылған. Осының аясында үш салалық кеңес аясында үш ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, іске асырылуда. Ал, мамандандырылған жұмыс топтарының қызметі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен тамақ өнеркәсібі жөніндегі кеңесте өткен жылғы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерді қолдау бойынша ұсыныстар әзірледі. Өнеркәсіп жөніндегі салалық кеңестің жұмыс тобы ҚАЖ мекемелеріндегі кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етуге және сотталғандардың еңбекпен қамтылуын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға бағытталған.

– Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының қылмыстық атқару жүйесіндегі (ҚАЖ) проблемалық мәселелері бойынша өткізген кеңесі хаттамасының орындалуы аясында палатада бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыстағы қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелерінде 2,5 мыңнан астам сотталған адам бар, олардың шамамен екі мыңы еңбекпен қамтылған, ал бір мыңнан астамы 34 бизнес субъектісінің қатысуымен құрылған өндірістерде жұмысқа орналастырылған. Осы жұмыс аясында өнеркәсіп жөніндегі салалық кеңес ҚАЖ-дың проблемалық мәселелерін талқылау және бизнес пен ҚАЖ мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін әзірлеу үшін негізгі алаңға айналып отыр. Өткен жылы кеңестің 4 отырысы өткізіліп, өндірістерді дамытуға және сотталғандардың еңбекпен қамтылуын арттыруға бағытталған 13 мәселе қаралды. Сонымен қатар өзара іс-қимыл тетіктерін айқындайтын негізгі құжат ретінде өткен жылдың 21 қазанында біз қол қойған ҚАЖД, «Еңбек–Тараз» филиалы және Жиһаз фабрикасы арасында сотталғандарды кәсіби оқыту мен өндірістерді ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум айқындалды.

Меморандумды іске асыру шеңберінде палата жанынан палата, бизнес, ҚАЖД, мемлекеттік органдар, пробация қызметі және салық қызметі өкілдерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, өндірістердің жүктемесін қамтамасыз ету, жеңілдікті жағдайлар жасау және оқу орталықтарын құруға қатысты 8 мәселе пысықталды. Палатаның жұмыс тобы мен өнеркәсіп кеңесінің жұмысы аясында маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, ҚАЖД, «Жамбыл жиһаз фабрикасы» ЖШС, «Еңбек-Тараз» филиалы және Кәсіпкерлер палатасы арасында сотталғандарды оқыту және біліктілігін арттыруға арналған оқу орталықтарын құру әрі өндірістерді ұйымдастыру жөніндегі төртжақты келісімге (бизнес субъектілерінің ҚАЖ жобаларына қатысу алгоритмі) қол қойылды. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған еңбекпен қамтуды арттыру және өндірістік қуаттарды жүктеуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарлары бекітілді, – дейді палата өкілі.

Бұдан бөлек, атқарылған жұмыс шеңберінде Жиһаз фабрикасы базасында оқу орталығы құрылып, 13 сотталған жұмыспен қамтылса, ал 2026 жылы қосымша 20 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Ал 2026 жылдың I тоқсанында Жұмыс тобының қызметі ҚАЖ мекемелерінің өндірістік қуаттарын жүктеу мәселелері бойынша әкімдік, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізуге, сондай-ақ нормативтік кедергілерді талдауға және түзеу мекемелерінде бизнесті жүргізу шарттарын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды пысықтауға бағытталып отыр екен. Жалпы алғанда, іске асырылып жатқан шаралар бизнес пен ҚАЖ арасындағы ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін қамтамасыз етіп, сотталғандардың еңбекпен қамтылуының артуына ықпал етуде.

Айдар Абдықадыровтың айтуынша, бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасына шағын және орта кәсіпкерлерден өткен жылы 110 өтініш түскен. Ол өтініштің 68-і (61,8 пайыз) оң шешімін тапқан. Ал, 2024 жылмен салыстырғанда шешілген мәселелер саны 46 өтінішке немесе 32,3 пайызға артқан. Жалпы палатаға түскен, шешімін тапқан өтініштердің 33-і жер қатынастарына, 22-і білім беру саласына, 13-і мемлекеттік сатып алуларға тиесілі. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 878 миллион теңгені құраған.

– Өткен жылы палатада 131 нормативтік құқықтық акт (НҚА) жобасы келіп түскен болатын. Жұмыс барысында 70 жобаға ескертусіз сараптамалық қорытынды және 28 жобаға ұсыныстар берілсе, 33 жоба кәсіпкерлердің мүдделерін қозғамайтыны жөнінде жауап жолданды. Жалпы мекемеде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің он бір отырысы өткізілді. Оның үшеуі салалық кеңестермен бірлесіп өткізілсе, Сарысу ауданында бір көшпелі отырыс ұйымдастырылды. Онда 14 мәселе қаралып, 23 ұсыным енгізілді. Соның ішінде, 10 мәселе оң шешімін тауып (71,4 пайыз), 23 ұсынымның 16-сы қанағаттандырылды (69,5 пайыз). Палатаның жеті ұсынымы бойынша алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Айдар Абдықадыров.