Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында үздік нәтиже көрсеткен оқушылармен кездесті. Іс-шара жастардың әлеуетін ашуға бағытталған инновациялық алаң – Креативті индустрия орталығында өтті.
Кездесуге 30 дарынды оқушы қатысты. Олардың 17-сі – республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ал 13-і – ғылыми жобалар байқауларында топ жарған үздіктер. Оқушылар өз жобаларын таныстырып, өмірлік мақсаттары және армандарымен бөлісті.
«Мектеп олимпиадалары мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және жүлдегерлері біздің зияткерлік мақтанышымыз. Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 2,5 мыңға жуық оқушы олимпиадаларға қатысады. Бұл оқушылардың ғылымға деген жоғары қызығушылығы мен білімге ұмтылысын көрсетеді. Биыл ауыл оқушыларының республикалық олимпиадасында 23 оқушымыз жүлделі орындарға ие болды. Облыс командасы екінші жыл қатарынан еліміздегі үздік үштікке еніп отыр. Бұл – оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың жүйелі және тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Іс-шара аясында оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Балалардың бірі зияткерлік ойын ойлап тапса, енді бірі өз өнер табысымен маңызды әлеуметтік немесе ғылыми мәселелерді шешуге үлес қоспақ. Жобалар экологиядан бастап, тарих, медицина, тіпті ғарышты игеруге дейін қамтыған.
Облыс әкімі дарынды оқушыларға 50-100 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын табыстады.