Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) миссия мүшелері Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумды бақылау барысында атқарған жұмысын қорытындылады. Қорытынды мәлімдемені миссия басшысы, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов жариялады.
ШЫҰ байқаушылары референдум өткізу үшін барлық жағдай жасалғанын, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалғанын атап өтті. Олег Копыловтың айтуынша, АЭС салуды қолдайтындар мен бұған қарсы азаматтар референдумға шығарылған мәселе бойынша үгіт жұмыстарын еркін жүргізді.
«Баламалы платформаларды іске қосу азаматтардың өз еркін білдіруін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған практикалық шаралардың белгісі», деді спикер.
Миссия мүшелері бақылау үшін өз бетінше таңдаған 35 учаскеге барды. ШЫҰ байқаушылар миссиясының басшысы дауыс беру белгіленген тәртіпті сақтай отырып, қалыпты өткенін айтты. Байқау жұмысы кезінде миссия мүшелеріне шағымдар мен ескертулер түскен жоқ.
«Миссия референдум азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуымен және азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, ашық өткенін атап өтті. Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгенін мәлімдейді. Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумды ашық, еркін және заңды деп таниды. Миссия референдум Қазақстан Республикасында демократиялық процестерді одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болғанын мәлімдейді», деді Олег Копылов.