Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен шаһардың бірге әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ететін бірқатар маңызды нысандарды аралады. Сапардың мақсаты – қала экологиясын жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және аймақтың экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған бастамаларды бағалау болды.
Нысандардың бірі
2024 жылы жаңғыртудан өткен Шымкент теміржол вокзалы еді. Оның аумағы екі есеге кеңейіп, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың жолаушыға дейін өскен. Жобаға салынған инвестиция 1,1 миллиард теңгені құрады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары №2 оқушылар сарайына барып, ондағы білім беру және шығармашылық бағыттағы үйірмелердің жұмысымен танысты. Бұл – балалардың қосымша білім алып, жан-жақты дамуына арналған заманауи оқу орындарының бірі. Мұнда ғылыми-техникалық, гуманитарлық, шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылған.
Мұнан кейін Р.Скляр сенімгерлік басқаруға өтіп, 250 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Бозарық» қосалқы стансасында болды. Сондай-ақ «Alsera KZ» жылыжай кешенінің құрылысымен, ауылшаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Шымкент аграрлық саладағы жетістіктерімен танымал, ал, бұл жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді. Ең ірі инвестициялық жоба өңірді жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз етуге және 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Инвестицияның жалпы көлемі 650 миллион долларды құрайды, ал, жоспарланған өндіріс қуаттылығы – жылына 155 мың тонна өнім. Өз кезегінде Вице-премьер инвесторларға қажетті көмегін беруге дайын екендігін айтты.
Роман Скляр қала тұрғындарының демалысына арналған жаңа «Shymkent City» саябағында да болып, оның инфрақұрылымын көрді. Бұл саябақ заманауи урбанистикалық талаптарға сай салынып, тұрғындар мен туристер үшін жайлы демалыс аймағына айналмақ. Ал, 2000 орынды «Tulip Hall» конгресс-холлының ашылуы шаһардың мәдени және іскерлік әлеуетін айқындайтын маңызды оқиға болды. Зәулім ғимарат заманауи архитектурасымен ерекшеленіп, халықаралық деңгейдегі конференциялар, форумдар, концерттер мен ресми шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Бұл нысан қала көркін арттырып қана қоймай, өңірдің іскерлік және туристік тартымдылығын күшейтуге де ықпал етпек. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының маңында орналасқан «НМИ-Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасының логистикалық орталығында болды. «Cross Docking» жүйесі бар орталық ауылшаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа жеткізуді жылдамдатады.
Сапар барысында «Coca-Cola Almaty Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына да барып, сусын өндіру үдерісімен және кәсіпорынның инвестициялық жоспарларымен танысты. Бұл зауыт аймақтың ірі салық төлеушілерінің бірі болып табылады және көптеген жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Компания – өндіруші және дистрибьютор ретінде Қазақстан нарығында кеңінен танымал. Еліміз бойынша екі зауытта жұмыс істейтін кәсіпорында 780-ден астам қызметкер еңбек етеді. «CCI Kazakhstan» Қазақстанның барлық аумағында жұмыс істеп, 19 миллионнан астам адамды өніммен қамтамасыз етеді. Өнімді тұтынушыларға тікелей жеткізу және кең дистрибуция желісі арқылы тарату жүзеге асырылады.
Қазақстанда сусындарға сұраныс жыл сайын 5,9 пайызға өсіп келеді. Осыған байланысты Алматы облысы мен Астана қаласындағы қолданыстағы зауыттар сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, Қазақстанның оңтүстік өңірлері және батыс өңірлерінің бір бөлігі үшін жаңа өндіріс орнын ашу қажет болды. Талдау нәтижелері Шымкент қаласын жаңа зауытты салуға ең тиімді орын ретінде анықтаған.
Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында ашылған жаңа әуежай терминалы да сапар бағдарламасына енді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары әуежайдағы қызмет көрсету сапасын бағалап, жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер бойынша жауапты тұлғалармен кездесті. Жаңа терминал жолаушыларға қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес жабдықталған. Оның құрылысы «SCAT» әуе компаниясының жеке инвестициясы есебінен жүргізіліп, оған 24 миллиард теңге инвестиция құйылды.
2024 жылы Шымкентте отандық өңірлік өнім 12 пайызға, құрылыс көлемі 27 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 42 пайызға өскен. Тартылған инвестиция 9 пайызға артып, 78,2 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі жоба жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Қаланың индустриялық аймақтарында 225 миллиард теңгенің 293 жобасы аяқталып, қолайлы инвестициялық ахуал мен өңдеу өнеркәсібін дамытудың арқасында 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Шымкент қаласының даму қарқынына оң баға беріп, жергілікті билікке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Ол қаладағы инвестициялық және әлеуметтік жобалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың жүзеге асырылуына Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.