Шымкент қаласындағы «Қазақ хандығына 550 жыл» алаңында Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Ер-тұрманым күмістен» атты республикалық шеберлік сағаты өтті.
Ұлттық қолөнеріміздің биік үлгісін паш еткен, қазақ халқының ер-тұрман жасау өнерін насихаттап, ұмыт бола бастаған көне дәстүрді жаңғыртуды, сондай-ақ жастардың ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыруды және мәдени мұраны сақтау идеясын дәріптеуді мақсат еткен бұл жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі шеберлер, өнертанушылар, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Алаңда орнатылған сахна маңында шеберлер ер шабу, былғарымен қаптау, күміспен өрнектеу, қамшы өру сынды ұлттық өнердің қыр-сырымен бөлісіп, көрерменнің көз алдында қолөнердің сан алуан тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Әр өңірден келген шеберлер өз қолдарынан шыққан туындыларын таныстырып, олардың жасалу жолы мен қолданылған материалдары жайлы жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, көрме бұрышында күміспен күптелген ер-тұрмандар, өрме қамшылар, сүйектен, былғарыдан, ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен әшекейлер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің қадірлі қонақтарының бірі, әйгілі Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің басшысы, белгілі шебер Дәулет Дәркембайұлы болды. Ол өзінің бала кезінен бастап қолөнерге ден қойғанын айта келе, әкесі, қазақтың танымал шебері Дәркембай Шоқпарұлының өнегесін ерекше ілтипатпен еске алды.
 
			