Шымкенттіктер таңды спортпен қарсы алады

0 3

Шымкент қаласында бұқаралық спорт күнделікті өмір салтына айналып келеді. Қала бойынша 12 саябақ пен аллеяда кәсіби спорт нұсқаушылары таңғы сағат алтыдан бастап таңертеңгілік ашық аспан астында, табиғат аясында жаттығулар өткізуде. Бұл игі бастама тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстанып, күнделікті әдеттерін денсаулыққа пайдалы бағытқа бұруға үлкен септігін тигізуде.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға баса назар аударып келеді. Осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бүгінде Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясына жетекшілік ететін Бауыржан Тұманбаевтың бастамасымен қолға алынған жобалар сәтті жүзеге асуда. Тұрғындардың пікірінше, таңғы спорттық жаттығулар дене саулығын жақсартып қана қоймай, жалпы көңіл күйді көтеріп, өмірге деген құлшынысты арттырады.

Спорт нұсқаушыларымен бірлескен жұмыс нәтижесінде қала тұрғындары арасында велоспортпен айналысатындар саны да артуда. Қалада өткізілетін түрлі спорттық шаралар да бұқаралық спорттың дамуына оң ықпал етуде. Мәселен, Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылған «Наурызнама» онкүндігі мен Халықтар бірлігі күніне орай өткізілген спорттық жарыстар қалалықтардың белсенді қатысуымен өтті. Жуырда прокуратура қызметкерлері арасында өткен спартакиада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Мектеп лигасы» тоғыз спорт түрінен өтіп жатыр.

Дәстүрлі түрде маусым айында өтетін мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадаға дайындық та қарқынды жүргізілуде.