«Шөлдала» алқабында жаңа жайлы мектеп ашылады

0 2

Тараз қаласының білім беру инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып, заманауи талаптарға сай даму үстінде. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында қаланың әртүрлі аумақтарында бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал қазан айының басында «Шөлдала» алқабында 600 орынды жаңа мектеп өз жұмысын бастайды.

Жаңа оқу ошағы елдегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Бұл жоба — балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған мектептер желісін құруға бағытталған. Аталған білім ұясының ашылуы «Шөлдала» алқабындағы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болмақ. Сонымен қатар, №55 орта мектептің оқушы орындарына түсіп тұрған жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, бүгінгі таңда Тараз қаласында 294 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 141-і — мемлекеттік, 153-і — жекеменшік мекемелер мен ұйымдар. Қала шекарасының өзгеруіне байланысты өткен оқу жылында Байзақ және Жамбыл аудандарынан 37 мекеме Тараз қаласының білім беру жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, жаңадан салынған 5 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның үшеуі — «Ұлы дала» және «Бәйтерек» шағынаудандарында ашылған ірі сыйымдылықтағы жайлы мектептер.

Мәселен, 45 мыңнан астам тұрғыны бар «Ұлы дала» шағынауданында 2000 және 1200 орынды екі мектеп пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» шағынауданындағы 1200 орынды жаңа мектеп №3 мектеп-лицейіндегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешті. Бұдан бөлек, «Арай» және «Казарма» алқаптарында да жаңа оқу ғимараттары іске қосылды.

Білім беру нысандарын салумен қатар, қалада мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда №1, №13, №25, №45 және №54 мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде №1, №25 және №45 мектептеріндегі жұмыстар толық аяқталып, Білім күні қарсаңында оқушыларға есігін айқара ашты. Жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді (жылу, су, кәріз, сантехника) жаңартудан бастап, ғимараттардың сыртқы қасбетін жылылау, терезе мен есік құрылымдарын ауыстыру, ішкі қабырғаларды қайта әрлеу секілді толық кешенді қамтыды.

Сонымен қатар, №7, №15 және №27 орта мектептерде жапсарлас жаңа ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар да оқушы орны тапшылығын азайтуға сеп болады. Тағы 18 білім беру ұйымын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланды. Олардың қатарында №3, 8, 10, 11, 18, 22, 23, 30, 32, 38, 42, 43, 60 және Шайқорық, В.Чкалов, Б.Бесбаев, Әйтиев, Гоголь мектептері бар.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков білім нысандарындағы құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасын жеке өзі қадағалап отыр. Жақында шаһар басшысы бірқатар мектепке арнайы барып, құрылыс барысымен және жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Қала әкімі жауапты мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде және жоғары сапамен аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Білім саласындағы бұл жүйелі жұмыстар — Тараз қаласының дамып келе жатқанын, әрі болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан нақты жағдай жасалып жатқанын көрсетеді. Қаланың қай ауданында болсын, әрбір баланың қауіпсіз, жайлы және заманауи мектепте оқуға құқығы бар. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар ел ертеңіне салынған сенімді инвестиция десек артық айтқандық емес.