Шежірелі шаңырақтың мұрасы

0 8

Қазақ халқының ежелгі құндылықтары қазіргі ұрпақ үшін аса маңызды. Баба жүрген жолмен жүру, дәстүріңді білу – парызың. Халқымыздың байырғы асыл қасиеттерін кейінгі толқынға үлгі еткен мәдени ошақтың бірі – Байзақ аудандық тарихи–өлкетану музейі.

Музейдегі көне жәдігерлерді қызыға тамашалаудан бөлек, өздері құнды зат өткізетіндер байзақтықтар арасында көбейіп келеді. Музей директоры Артық Үкібаевтың айтуынша, кешегі еңбеккерлердің асыл мұралары бүгінгі ұрпақ үшін құнды. Мұндай құндылықты түсінген кісінің бірі – Ғалия Молдабаева. Ол өзі де ұзақ жыл аудандық музейде ғалыми қызметкер болып еңбек етіп, жәдігерлерді жинауға ерекше үлес қосқан маман. Қазіргі таңда зейнетте болса да ауданның руханияты мен тарихына көңіл аударып, музеймен байланысын үзген емес. Осыдан он жыл бұрын Ғалияның анасы Затыгүл Молдабаева «Музейге сый» акциясы аясында аталған музейге бірқатар жәдігер өткізген. Оның ішінде 65 жыл қолданыста болған самаурын, ұзақ жыл ауданға танымал еңбек майталманы, озат шопан болған Дәулетбай Молдабевтың киген қасқыр ішігі, талай оқиғаларына куәгер көне қоржын бұйымдары бар. Жас ұрпаққа осы заттардың баршасы әсерлі.

«Әкем мен анам ұзақ жыл шопан болған еңбек адамдары еді. Олардан қалған заттар үйде көп. Ал, ұзақ жыл сақталған самаурынның орны музей деп таптық. Қасқыр ішіктің де өз тарихы бар. Анам өз қолымен тоқыған қоржын біз үшін ыстық. Енді аудандық музейде келушілерге қазақтың құндылығын дәріптеп тұрсын деп ойладық. Осы бұйымды көріп, қыздардың тоқымаға қызығушылығы арта түссе, қандай жақсы. Өзім де бірнеше жыл осы музейде еңбек еттім. Жәдігерлердің жағдайын біліп, мәнісін түсінемін. Музейде ұрпаққа үлгі болар құндылықтар көп екені қуантады», – дейді Ғалия Дәулетбайқызы.

Бізді самаурын қызықтырды. 65 жыл аға шопанға қызмет еткен қадірлі зат. Қаншама кісінің шөлін басты, таңдайға нәр берді, десеңізші! Қазіргі жас ұрпақ көгілдір отынның көмегімен құманның шайын ішеді.Ал самаурынды білетіндер, қолданатындар азайып барады. Аталар тұтынған, апалар шай қайнатқан самаурынды ұрпақтың біліп өскені дұрыс.