Шаруалармен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды

0 6

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша Ұлттық жобада көрсетілген межелерді іске асыру мақсатында облыста көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жуырда Ақсу қаласында өткен агрокеңес барысында көктемгі дала жұмыстарының дайындығы мен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Павлодар облыстық ауылшаруашылығы басқармасының, облыс кәсіпкерлер палатасының, жергілікті ауылшаруашылығы субъектілерінің және республикалық қаржы институттарының өңірлік филиалдарының басшылары қатысқан кеңесте Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарымен бірге, алынатын өнім көлемі мен сапасы да жыл сайын тұрақты ұлғайып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ ол көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндап, агроөнеркәсіп иелеріне мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.

— Облыстық мемлекеттік құрылымдардың, қаржы институттарының өкілдерімен және Ақсу өңірінің ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен агрокеңес өткіздім. Кеңес сұрақ-жауап форматында өтті. Мұнда ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары өз сұрақтарына жауап алып, мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бойынша қандай бағдардарламалар жүргізіліп жатқанын білді, — деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, кездесуде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев өткен жылы жергілікті аграрийлердің мүдделерін қорғауда бірқатар көмек көрсетілгенін айтып, биыл бұл мемлекеттік қолдау шараларының көлемі екі есе көбейгенін атап өтті.

— 2025 жылы «Бәйтерек» АҚ құрылымдық бөлімшелерімен кредиттеуге 38,6 миллиард теңге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы — 18,6 миллиард теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 20 миллиард теңге қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарына кредит беру өткен жылдың қараша айынан басталды. Бүгінгі күні «Аграрлық несие корпорпциясы» АҚ арқылы 2,5 миллиард теңгеге 44 кредит берілді, — деді ол.

Агрокеңес барысында шаруалар несиелік серіктестіктер арқылы ақша алу кезінде қажетті тараптарды цифрландыруға, жүк тасымалдауға теміржол тарифтерін субсидиялау қажеттілігіне, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиелеу сомасын шектеуге, субсидияланатын техникалар тізбесіне өздігінен жүретін комбайндарды қосу мүмкіндігіне байланысты сұрақтарын қойды. Кәсіпкерлер мен аграрийлердің сауалдарына түсініктеме беріліп, мәселелердің бір бөлігін жауапты мекеме басшылары назарға алды.