Республика күні қарсаңында Жарма ауданының Шар қаласында күрделі жөндеуден өткен қалалық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Сонау 1960 жылы бой көтерген қалалық Мәдениет үйіне 2002 жылы жөндеу жүргізіліп, сыртқы қаптамасы жаңартылып, едендері ауыстырылып, су жүйесі тартылған болатын. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимаратқа толық күрделі жөндеу жүргізілді. Шатыры ауыстырылып, барлық терезе, есік және еден жабындары жаңартылды. Су, жылу және кәріз жүйелері ауыстырылып, жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Сахна кеңейтіліп, заманауи жарық және дыбыс құрылғылары, сондай-ақ LED экран орнатылды. Қосымша бөлмелер салынды. Биылғы маусым айында аймақ басшысы Жарма ауданына жұмыс сапарымен келгенде осы Мәдениет үйін аралап, мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырған болатын.
– Көктемде осында келген кезімде бұрынғы ғимаратты қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған болатынмын. Міне, бүгін әдемі, кең, жарық, биік, су жаңа Мәдениет үйін өздеріңізбен бірге ашқалы тұрмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаға Жолдауында «тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы» деп айрықша атап өткен болатын. Біз де осы бағытты басшылыққа ала отырып, мәдениет нысандарын жаңғырту ісіне баса мән беріп келеміз. Шар қаласындағы ғимараты толық күрделі жөндеуден өткен бұл өнер ордасы өңірдің мәдени тынысын жандандырып, қала тұрғындарының рухани өмірінде ерекше орын алады деп сенеміз. Шаһарға осымен үшінші рет келіп отырмын. Қаланың дамуы үнемі менің назарымда, жеке бақылауымда болады, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Жергілікті тұрғындар Мәдениет үйінің жаңғырып, қайта ашылуын жылы қабылдап, үлес қосқандарға ризашылықтарын білдірді.
– Бүгін қала тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтуға болады. Мәдениет үйіміздің қайта жаңарып, жарқыраған сәтіне куә болып отырмыз. Шарда бассейн құрылысы басталды. Келесі жылы бірнеше көшенің жолы жөнделмек. Облыс басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – деді қала тұрғыны Талғат Құмаров.
Биыл Абай ауданының Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйіне, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханаға, Абай атындағы театрға және Семей қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Үржар ауданындағы Жоғарғы Егінсу ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 орынды клубтың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Бородулиха ауданының Камышенка, Новопокровка, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында жаңа Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.